RU

Қарағандыда 150 мың тірі тауық тегін таратылып жатыр

Қарағандыда 150 мың тірі тауық тегін таратылуда. Құс фабрикасына келген қарағандылықтар тегін тауыққа қарық болды деп хабарлайды 31 арна.

Жүз елу мың тауықтың тегін берілетінін естіген жұрт құс фабрикасына белгіленген уақыттан бұрын келді. Олардың ішінде аз қамтылған отбасылармен бірге, тасқын судан зардап шеккендер мен өндіріс еңбеккерлері де бар.

Ал құс фабрикасы мұндай қадамға амалсыздан барғандарын айтады. Өйткені Ресей рублі құлдырағалы, тауарларына сұраныс күрт азайған.

Кезінде екі жүз адамды жұмыспен қамтыған құс фабрикасы Ресей рублінің құнсыздануынан жұмысшының он пайызын қысқартуға мәжбүр.

Былтырғы жылдан бастап басына бұлт үйірілген зауыт сегіз айдың ішінде 16 миллион теңгеге шығынға батты. Ал төрт айдан бері төлемеген несие берешегі одан да көп.

Зауыттың қиын жағдайда екенін айтқан жұмысшы Жұмағали Әбекенов алған алпысқа жуық семіз тауықты тамаққа жаратамыз деп отыр.

"Соямыз, енді не істейміз?", - дейді құс фабрикасының жұмысшысы Жұмағали Әбекенов.

Осыдан бес жыл бұрын ғана жылына 120 миллион жұмыртқа шығарған құс фабрикасы бұрын он екі теңгеден сатылып келген өнімнің құнын да төмендетуге мәжбүр болыпты.

Өйткені сыртқы тасымал деңгейі нашарлаған. Ақыры зауттың өніміне сұраныс азайып, кәсіпорын қарыздарға белшеден батқан.

Ал әкімдіктен 194 миллион теңге қарыздарын сұрап барған кәсіпкерлерге, шенеуніктер, тіпті, "ақшаны ұмытыңдар" деп шығарып салған айтуларынша.

"Біз ол ақшаны былтырғы жылдан бері ала алмай жүрміз. Талай рет бардық. Қарыздарымыздың жартысын жапсақ та деп ойлағам. Бірақ ол ақшаны ұмытыңдар дейді", - деп мұңын шақты "Карл Маркс атындағы ҚФ" ЖШС-нің директоры Валерия Семенова.

Салықты да төлей алмай отырған құс фабрикасы тауықтардың санын отыз пайызға дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл бір жағынан фабриканың шығындарын азайтса, басқа қырынан аз қамтылған отбасыларға үлкен көмек дейді.

Ал Ауылшаруашылық министрлігі құс фабрикаларына субсидия бөлуді елу пайызға дейін көтеруді ұсынып отыр. Бірақ бұл әлі сөз жүзінде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/846298-qaraghandyda-150-mynh-tiri-tauyq-tegin-tar.html