RU

Түркиядағы апаттан аман қалғандар қазақстандықтың қазасына гидті кінәлауда

Түркиядағы жол апатында гид саяхатшыларға белбеу тағуды ескерткенде, қаза болғандардың саны әлдеқайда аз болар еді деп санайды апаттан аман қалғандар.

Түркиядағы жантүршігерлік апаттан аман қалғандар "гид саяхатшыларға белбеу тағуды ескерткенде қаза болғандардың саны әлдеқайда аз болар еді" деп санайды. Бұл туралы LifeNews жазды.

"Бізге асфальт су болғанын, ал жүргізуші автобусты құзға құлаудан сақтап қалғанын айтады. Бірақ мен білмедім, бірде бір жүргізуші жарақат алмады. Гидтің өзінде де ешқандай жарақат жоқ. Ал менің сіңлім енді о дүниелік болды. Қаза болғандар қаншама", - дейді Астана тұрғыны Тоғжан Тұрғанбекова.

Бойжеткен апаттың егжей-тегжейін баяндады.

"Біз экскурсияға ертемен шығып кеттік. Түнгі үште. Сол себепті жаңбырды аңдамай қалдық. Тек автобус жолдан тайып, аударылғанда бір-ақ ұқтық. Бір рет аударылып, екінші ретінде терезелерден адамдар ұшып түсті. Кейбіреулерінің денелері бөлшектеліп қалды. Еске алудың өзі қорқынышты", дейді бойжеткен.

Еске салсақ, 6 тамызда Түркияда "Памуккале-Анталия" тас жолында туристік автобус жауын суына тайғанап аударылды. Онда 18 жастағы қазақстандық Аида Сарабаева қаза болды.

Бұдан өзге жол апатынан зардап шеккен отандастарымыздың біреуіне Анталияда операция жасалады деп хабарлайды 24.kz.

Айта кетейік, автобуста қазақстандықтармен қоса Ресей, Беларусь және Литва елдерінің азаматтары болған.

Тың мәліметтер бойынша, жол апатынан 4 адам қаза тауып, 38-і түрлі дене жарақатын алған. Адам өліміне әкеп соққан оқиғаға байланысты автобус жүргізушісі қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/846328-turkiyadaghy-qazaqstandyqtynh-qazasyna.html