RU

ОҚО-дағы Тоғыс су қоймасы апатты жағдайда тұр

Оңтүстік Қазақстан облысында үш су қоймасы өте қауіпті жағдайда тұр. Әсіресе Шымкенттен шыға берістегі Тоғыс су қоймасының ахуалы мүшкіл деп хабарлайды 24.kz.

Бөгеті үгітіліп, су жіберетін құрылғылары әбден тозған. Тіпті бірнеше жылдан бері қоймаға су жартылай ғана жиналады екен. Тез арада жөндеуден өтпесе, тоған көктемгі суға шыдамауы мүмкін дейді мамандар.

Бір кездері өндіріске қажет болған соң тұрғызылған су қоймасының қазіргі ахуалы осы. Құрылғылары тозып, икемге келмей қалған.

Тоған уақтында Шымкенттегі фосфор зауытынан шыққан қалдықты залалсыздандыру үшін су жеткізіп тұрған екен. Өндіріс тоқтаған соң, суға да сұраныс болмай қалған.

Төтеншеліктер талайдан бері тоғанның апатты жағдайда тұрғанын айтып, дабыл қағумен келеді.

"Тоғыс су қоймасындағы гидромеханикалық құрылғылардың барлығы дерлік тозған. Бұл құрылымдағы монолитті бетондардың бәрінде тесіктер пайда болған, әбден тозығы жеткен", - дейді облыстық ТЖД бөлім басшысы Ерғали Бахаев.

Тіпті соңғы үш жылдан бері қоймаға су жартылай ғана жиналады екен. Себебі су толса, бөгет шыдас бермеуі мүмкін дейді құтқарушылар.

50 жылдан астам тарихы бар Тоғыс су қоймасы осы аралықта бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. Мамандардың айтуына қарағанда, белуарындағы бетондардың ара жігі ажырап, су сызаттай бастаған.

Ал гидроқұрылым жағдайы мүлдем мүшкіл дейді. Осындай жағдайда тұрған су қоймасының іргесінде 2 мыңнан астам тұрғыны бар Елтай ауылы жатыр. Елтайлық Толғанай есімді тұрғын күні бүгінге дейін бөгеттен ешқандай қауіп төнбегенін айтады. "Дегенмен тоғанның апатты жағдайда тұрғанын естіген жұрт жанын шүберекке түйіп отыр" дейді.

"Біз қырға таман тұрамыз. Су алатын жер төменде. Біреудің ажалы судан, біреудің ажалы оттан деп жатады. Ол қиын нәрсе. Қолға алса болады", - дейді Елтай елді мекенінің тұрғыны Толғанай Қалиева.

Жергілікті әкімдіктегілер бұл жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтады. Тіпті қазіргі таңда қажетті құжаттар рәсімделіп, шығын көлемі де есептеліп қойған. Су қоймасын күрделі жөндеуден өткізу үшін шашамен 600 млн теңгеден астам қаржы қажет.

"Бұған байланысты комитет тарапынан құжаттама дайындалып жатыр. Күзге таман комитет қаржыны өз тарапынан бөледі деп жоспарланып отыр. Соған байланысты ең қауіпті деген су қоймасын қалыпқа келтіреміз", - дейді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков.

Облыс аумағында жалпы 41 ірі-ұсақты су қоймасы бар. Оның 6-ы жекенің қолында. Қазіргі таңда 36 бөгет ағымдағы және күрделі жөндеуден өткен.

Енді қалғаны Қапшағай мен Досан-Қарабас су қоймасы ғана. Биылдан бастап ірі су қоймаларына арнайы дабыл қаққыштар орнатылып жатыр екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/846423-oqo-daghy-toghys-su-qoymasy-apatty-zhaghda.html