RU

Қазақстандағы жаңа кадрлық ауыс-түйістер

Осы аптада елорда әкімдігінде, спорт саласында да жаңа тағайындаулар болды. ҚазАқпарат осы аптада болған жаңа кадрлық ауыс-түйістерді ұсынады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Мырзахметовті "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындады.

Бұған дейін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін Бауыржан Байбек атқарған болатын.

Өз кезегінде Бауыржан Байбек 9 шілдеде, елбасы үкімімен Алматы қаласы әкімінің қызметіне келді. Ал Оңтүстік астананың бұрынғы басшысы Ахметжан Есімов "Астана-ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының төрағасы болып тағайындалды.

Астана қаласы әкімінің өкімдерімен Каналимов Ерлан Ермекұлы қалалық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы, ал Талғат Рысбеков  Тастыбайұлы Астана қаласы құрылыс басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Ерлан Каналимов қала әкімі аппараты басшысының орынбасары, елордадағы «Сарыарқа» ауданы әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.

Ал Талғат Рысбеков Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысы лауазымында болған.

Осы аптада Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Теміртау активінің жиналысын өткізіп, соның барысында кадрлық өзгерістер туралы хабарлады. Облыс әкімінің кеңесшісі қызметіне ауысу тәртібіне байланысты Нұркен Сұлтанов Теміртау қаласының әкімі қызметінен босатылды. Қазақстан президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Ғалым Әбіханұлы Әшімов облыс әкімінің бұйрығымен Теміртау қаласының әкімі болып тағайындалды.

 

Инвестициялар және даму министрлігінің 2015 жылғы 4 тамызындағы №9-ж бұйрығы бойынша «Қазмедиа орталығы» басқарушы компаниясы» ЖШС бас директоры қызметіне Аюпов Мейірболат Хайратұлы тағайындалды.

«Қазмедиа орталығының» осыған дейінгі бас директоры Мейір Ғариполлаұлы Ескендіров өз қалауымен қызметінен босатылды.

Осы аптада 45 жастағы Қайрат Нағышпаев семейлік «Спартак» футбол клубының спорттық директоры қызметіне тағайындалғаны белгілі болды.

Аталмыш клубтың бұрынғы спорт директоры Андрей Пинчуков бас бапкер Алексей Петрушиннің көмекшісі міндетін атқара бастады.

Қазақстан биатлон құрамасын танымал ресейлік маман жаттықтыратын болды. Ол - бапкер Валерий Польховский.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/846845-qazaqstandaghy-zhanha-kadrlyq-auys-tuyi.html