RU

ОҚО-да алғаш рет жауынгер әйелдің сүйегі табылды (фото)

Оңтүстік Қазақстан облысында археологтар алғаш рет жауынгер әйелдің сүйегін тапты. Болжам бойынша, жауынгер біздің заманымызға дейін 2 ғасырда және біздің заманымыздың 4 ғасырында өмір сүрген.

Ғалымдар жауынгер "Қорған тарихы аз зерттелген Қаңлы мемлекетінің өкілі", - дейді. Күні бүгінге дейін тарихи оқулықтарда көшпенді тайпалардың жауынгерлігі туралы деректер тым аз кездеседі.

"Сондықан бұл қазба төл тарихымызды тағы бір қырынан ашып көрсетуге мүмкіндік береді", - дейді археологтар.

Археологтар үш метр тереңдіктегі обадан табылған сүйекті асқан ұқыптылықпен аршып алып жатыр. Өйткені мыңдаған жылдар бойы көмулі жатқан адамның сүйектері шіри бастаған.

"Жауынгер әйел қаңлы мемлекетінің тұсында өмір сүрген болуы мүмкін", - дейді мамандар.

"Бұл егер ер азаматтың денесі болса онда маңдайы жазық және сүйегі ірі болатын еді. Мұнда мен өте жақсы көріп тұрмын, маңдайы дөңгелек, көзінің айналасы әйелдің бейнесіне ұқсас. Жақ сүйектері де нәзіктеу. Соған сүйеніп, жауынгер әйел деп отырмыз", - дейді экспедиция мүшесі Вероника Хорват.

Тігінен жатқан әйелдің сол жақ қанатында темірден жасалған алып қылышы бар. Қысқа қанжар мен шаппа тәрізді пышақ та жатыр. Тіпті арқасына ілінген жебені де көруге болады.

Қабірден найзаның бірнеше түрлі ұштары мен сүйектен жасалған бұйымдар да табылыпты. Бұдан бөлек құнды заттар да шыққан.

"Бұл біз үшін ең үлкен жаңалық болып отыр. Қаншама қазба жұмыстарын жүргіздік, алайда толық қаруланған әйел сүйегін бұған дейін кездестірген емеспіз. Бұндай тек Сармат тайпаларында ғана кездесетін. Демек бұл сармат тайпаларының шығысқа дейінгі аумаққа таралғанын көрсетсе керек. Әзірге біз оңтүстіктен мұндай жаңалықты алғаш рет кездестіріп отырмыз", - дейді экспедиция жетекшісі Александр Подушкин.

Жауынгер әйелдің сүйегі мен құнды жәдігерлер толық аршылып алынғаннан кейін орталық мұражайға жіберіледі. Құнды жәдігерлер толықтай зерттеуден өткізіледі.

Археологтар биылғы жаз маусымында бұдан бөлек тағы екі обаның орнын тапқан. Мамандар соңғы қазылып жатқан мүрдеден де құнды жәдігерлердің шығатынына сенімді.

Археологтар жауынгер әйел мүрдесінің жанынан тағы бір обаны тапты. Онда бір отбасы жерленген сияқты. Мамандардың сөзіне қарағанда, обада 6-7 жасар қыз баланың сүйегі жатыр.

Қасындағы әйелдің жасы да 35-36 да болуы мүмкін. Қабір тонаудан аман қалған. Өйткені ішінен түрлі құмыралар мен қыз-келіншектердің тағатын әшекей бұйымдары мен сол заманда жасалған қола бұйымдар табылған.

Осы ашылып отырған тарихи жәдігерлерге қарап, археологтар қазақ тарихының түп-тұқияны тереңде жатқанын дәлелдеуге болады деп есептейді.

"Бір кездері Күлтөбе қалашығы оңтүстіктегі ең ірі орталықтардың бірі болған. Көне қалашық маңында 23 жылдан бері қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында табылған құнды жәдігерлер ұлттық тарихымыздың көкжиегін кеңейтіп, жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыруына мүмкіндік береді", - дейді археологтар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/847286-oqo-da-alghash-ret-zhauynger-ayeldinh-suye.html