RU

Серік Ахметов пен оның сыбайластарын 50 адвокат қорғап жатыр

Қарағандыда Серік Ахметовтің қылмыстық ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасып жатыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс 338 томнан тұрады. Атышулы істі қарау барысында жауапқа тартылып отырған Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бұрынғы басшысы Айдос Жәкеновтың адвокаты төрағалық етіп отырған судьяға қарсылық білдірді.

Қорғаушының қарсылығын қарастыру үшін жаңа судья шақырылды. Артынша қорғаушы Шәймерденов білдірген қарсылығына негіз болатын нақты дәлел-дәйектер келтіре алмады. Жаңадан шақырылған судья оған әрекетін қағаз жүзінде түсіндіру үшін 20 минут уақыт берді.

Ең соңғы ақпаратқа сәйкес, Мейрам Шәймерденов қылмыстық істің прокуратураға қайтарылуы туралы арыз берген екен. Оның бұл арызы кері қайтарылған. Енді қорғаушы шағымын апелляцияға беріп, 15 күн ішінде қайта қарастырта алады. Осыған байланысты сот ісінің 10 тамыз күні қарастырылуын сұрап, арыз беріпті.

Айта кетейік, қарсылықты Қарағанды облысы мамандандырылған ауданаралық сот судьясы Төлеген Таңсықбаев қарастырды. Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін экс-премьердің қорғаушылары оның кінәлі еместігін мәлімдеп, Ахметовке қатысты істің сотта қаралуын тоқтату туралы арыз берген еді.

Ал Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев осыдан бұрын оған қарсы тергеуде берген түсініктемелерінен бас тартты. Бұрынғы әкім өзіне қысым жасалғандығы туралы мәлімдеді.

Серік Ахметовпен қатар тағы 20 адам айыпталушылар орнында отыр. Олардың арасында қаланың және облыстың экс-әкімдері Бауыржан Әбдішев пен Мейрам Смағұлов, жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Ернар Дәрібеков, индустриалды парктің экс-директоры Анатолий Ессе мен «Қазақстан өнеркәсіп корпорациясы» ЖШС бас директорының бұрынғы орынбасары Әлжан Ақмолдаев бар. Аты аталғандардың барлығы жемқорлық қылмысқа қатысты айыпталуда.

Күдіктілерді 50 адвокат қорғауда. Бір ғана Серік Ахметовтің басында 5 қорғаушы бар. Экс-премьерге қатысты қылмыстық іс 340 томнан тұрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/847514-serik-akhmetov-pen-onynh-sybaylastaryn-50.html