RU

Алматыда еліміз бойынша ең үлкен Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылды

Алматы қаласы Наурызбай ауданының Қалқаман-2 ықшамауданында химия-биология бағытында оқытатын Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылды. Бұл - көлемі жағынан еліміз бойынша ең үлкен мектеп.

Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы қаласының жаңа әкімі Бауыржан Байбек, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымдары басқармасының төрайымы Күләш  Шәмшиддинова, белгілі ғалымдар, саясат және қоғам қайраткерлері, педагогтер, оқушылар және ата-аналар қауымы қатысты.

«Естеріңізде болсын, білім - бұл жақсы. Бірақ, тәрбиесіз ол нәтиже бермейді. Яғни, Отанын шын сүйген патриотты, мәдениетті, тәрбиелі және білімді азамат болыңыздар. Елбасының саясатын әрі қарай жалғастыратын сіздерсіздер», - деді өз сөзінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Айта кетсек, республикамызда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ашылуы елбасының бастамасымен «20 Зияткерлік мектеп» атты мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып келеді.

Алғашқы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2009 жылы Астана қаласында ашылған болатын. Қазіргі таңда елімізде 18 мектеп жұмыс істейді. Ал бүгінгі - 19-шы мектеп, яғни Алматы қаласындағы химия-биология бағытында оқытатын Назарбаев Зияткерлік мектебі 960 оқушыға арналып салынған.

9 блоктан тұратын мектепте соңғы үлгідегі мектеп жабдықтарымен жабдықталған 70 оқу сыныбы мен 25 зертхана орналасқан.

Бұл мектептің басқа зияткерлік мектептерден тағы бір айырмашылығы - мұнда әртүрлі бағыттағы техникалық үйірмелер жүргізілетін  технотория зертханалары бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/848994-almatyda-elimiz-boyynsha-enh-ulken-naza.html