RU

Қазақстанда 39 «Алтын белгі» иесі мемлекеттік грантқа түсе алмады

Биылғы жылы 39 «Алтын белгі» иесі мемлекеттік грантқа түсе алмады. Бұл туралы бүгін, 12 тамызда баспасөз мәжілісінде Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім, халықаралық қатынастар департаменті директорының орынбасары Гүлзат Көбенова мәлімдеді.

«Алтын белгі» иегері атанған 39 бала биылғы жылы грантқа түсе алмады. Оның себебі көбіне бәсекелестік жоғары мамандықтарды таңдайды. Мәселен, экономика, құқық, медицина, халықаралық және шет тілдері мамандықтары. Сондықтан мемлекеттік грантқа ие бола алмады", – дейді Көбенова.

Департамент директорының орынбасарының айтуынша, мемлекеттік грантқа ие бола алмаған талапкерлерге басқаша да мүмкіндік қарастырылған.

"Қазіргі кезде жоғары оқу орындарының басшыларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Әрине жыл сайын бұл мәселе кезігеді. Алдағы уақытта шешімін табады деп үміттенемін. Мәселен, университет ректорының гранты бар. Соған ие болуға болады. Одан бөлек жұмыс берушілердің де гранттары болады. Осы мәселе бойынша талапкер, жоғары оқу орны және жұмыс беруші арасында үш жақты келіссөздер жүргізіліп жатыр", – дейді ол.

Айта кетейік, биылғы жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша бакалавриатқа 32 168 грант бөлінген.

Бұрынғыдай биылда мемлекеттік гранттардың басым көпшілігі техникалық мамандықтарға берілген. Техникалық мамандықтардың үлесі – 42,4 пайыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/851330-qazaqstanda-39-altyn-belgi-iesi-memle.html