RU

Сеулде Жапонияға ызаланған 80 жастағы қария өзін-өзі өртеп жіберді

Сеулде жасы 80-ге келген қария өзін-өзі өртеп жіберді. Жаға ұстатарлық жағдай Жапония елшілігінің алдында өткен шеру кезінде болды деп хабарлайды 24.kz.

Абырой болғанда, қарияның жанында болған ереуілшілер алаулап жанған отты сөндіріп, дереу жедел жәрдем шақырыпты. Кейін дәрігерлер егде жастағы адамның өміріне ешқандай қауіп жоқ деген.

Ақсақалдың мұндай қадамға баруына Жапония мен Кореяның арасындағы тарихи оқиға себеп болған.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жапондар корей елінің мыңдаған қыз-келіншектерін әскерилермен жыныстық қарым-қатынасқа түсуге күштеген көрінеді.

Шерушілер сол үшін ресми Токиодан әлі күнге дейін кешірім сұрауын талап етіп келеді. Соңғы күндері наразылық акциялар тіптен жиілеп кеткен.

Себебі биыл жапондардың Корей түбегіндегі басқыншылық әрекеті аяқталғанына 70 жыл толды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/851469-seulde-zhaponiya-men-koreyanynh-arasynda.html