RU

ОҚО-да сот сараптама институтының қызметкері ұрланған героинді көлікке айырбастамақ болған

Оңтүстік Қазақстан облысында азамат ірі көлемдегі есірткі затын автокөлікке айырбастап жатқан жерінен қолға түсті деп, хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында аса ірі көлемде заңсыз есірткі затын «героинді» жымқырып, сақтап, сатпақшы болған 1984 жылы туылған Д.Исаевқа қатысты қылмыстық іс қаралып аяқталды.

Тергеу материалдары бойынша сотталушы Д.Исаев сот сараптама орталығында сот сараптама институтының сарапшысы лауазымын атқарып жүріп, өзінің жұмыс бабын пайдалану мақсатында аса ірі көлемде салмағы 435,84 грамм героин затын жымқырып заңсыз иемденіп сақтаған.

Содан Д.Исаев өзінің А. есімді сыныптасына героин заты бар екендігін айтып, сатып алушы адам тауып беруін сұраған.

Осыдан кейін 16.03.2015 жылы А. есімді азамат сыныптасын ҰҚК-нің жасырын қызметкері, Сергей есімімен героинді сатып алатын жігітпен таныстырады. Олар өзара 20 000 мың АҚШ долларға Nissan-Patrol автокөлігін бағалап, айырбастауға келіседі.

Содан 17.03.2015 жылы сағат 14:00 шамасында «Аян» автотұрағының аумағында, Д.Исаев 435,84 грамм героин затын Сергейге заңсыз өткізу барысында қолма-қол ұсталды.

Соттың үкімімен Д.Исаев кінәлі деп танылып, оған 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енбеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/851680-oqo-da-sot-saraptama-institutynynh-sar.html