RU

Астананың дүкендеріндегі қызмет көрсету мен салақтық мамандарды шошытты

Астаналық кәсіпкерлердің дені былтырғы мораторийді пайдаланып заңды белшесінен басып келген. Атап айтқанда, қазіргі таңда елорда халқына қызмет көрсетіп отырған 2 жарым мыңнан астам сауда орнының жартысына жуығы санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеп жатыр.

Бұл туралы Астана қалалық тұтынушылар құқын қорғау жөніндегі департаменттің жетекшісі Нұрлыбек Асылбеков мәлімдеді.

Сонымен қатар сатып алынған тауарды қайтару және ауыстыру бойынша да азаматтардан шағым көп екен. Оның үстіне, саудагерлердің тұтынушымен сөйлесуі және қызмет көрсетуі де сын көтермейді. Бұған департаментке келіп түскен шағымдар дәлел дейді.

Осындай азаматтардан келген шағым бойынша тексеріс барысында бірқатар белгілі сауда орындарындағы заңсыздықтар әшкереленген. Атап айтқанда, қара тізімге "Грин", "Бауырсақоф", "Забава" сынды ірі желілер кіріп отыр. Жалпы арыз-шағымдардың негізінде 3 сауда орталығының ісі сотқа жіберіліп, 2-нің жұмысы тоқтатылыпты.

"Сол мораторийдің әсерінен. Егер ондай болмағанда, жоспарлы жұмыс жүріп отырғанда біз осынша үлкен пайызға жол бермес едік", - дейді Астана қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі департаментінің жетекшісі Нұрлыбек Асылбеков.

Онымен қоймай, департамент басшысы мораторий аяқталса да жаңа заңға сәйкес жоспарлы тексеру де жүргізе алмаймыз деп шағымданғандай болды. Мемлекеттік мекеменің шарасыздығын "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы да растап отыр.

Алайда жаңа құжатта үкіметтік ұйымдардың тексеріс жүргізуі үшін арнайы тізім жасауы туралы қарастырылған екен. Бірақ, заң күшіне енгенге дейін қамданбаған өкілетті органдардың өздері кінәлі дейді "Атамекен" өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/851866-astananynh-dukenderindegi-qyzmet-kor.html