RU

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясының еңбеккерлері жұмысқа шығудан бас тартып отыр

Қарағанды облысында жалақыны 25 пайызға қысқартқан Арселор Миттал Теміртау компаниясының еңбеккерлері жұмысқа шығудан бас тартып отыр.

Өндіріс ошақтарын тазалайтын жұмысшылар онсыз да екі айдан бері алмаған айлықтарынан мүлдем қағылатын түрлері бар. Өйткені, басшылар жалақыларымен бірге, жұмысшылардың санын да азайтамыз деп отыр.

Еңбектері бар жоғы жиырма бес мың теңгеге бағаланатын адамдар металлургиялық зауыт аумағында тазалық жұмыстарын жүргізеді. Арселор Миттал Теміртаудың елді елең еткізген шешімінен соң онға жуық қызметкер бүгін жұмысқа шығудан үзілді кесілді бас тартып отыр.

Өйткені сөздерінше,  басшылығы онсыз да екі айда бір рет берілетін айлықтарын жиырма бес пайызға қысқартатын болыпты.

"Он тоғыз мыңның пенсионный мен подоходныйын ұстағанда қолға алатынымыз он мың!! Он мыңға қалай болса да өмір сүріңдер дейді. Егер сендер кетсеңдер, ауылдан адамдар бар дейді он бес мыңға бар істейтін деп қорқытады.  Соларға жуғызамыз дейді", - дейді «ПАЗА2030» ЖШС-нің қызметкері Бақыт Рақымбаева.

Денсаулыққа байланысты демалысқа да ақша төлеменбейді деген еңбеккерлерді «жақ ашсаңдар, жұмыстан қуыласыңдар» деп қорқытыпты. Сондықтан наразылықтарын айтуға «ПАЗА» мекемесіндегі мың жұмысшының оны ғана келді.

Ал кәсіпорын өкілдері Арселор Миттал Теміртау акционерлік қоғамы мен «Паза2030» компаниясы арасындағы келісімшартының мерзімі аяқталғанын айтады. Сондықтан басшылар жұмысшыларды қысқартқанша, айлықты азайтуға бел буыпты.

"Жалақыны қысқартуға ешкім шешім қабылдаған жоқ. Қазіргі кезде Арселор Миттал Теміртаумен келіссөздер жүргізілуде", - дейді «ПАЗА2030» ЖШС-нің қызметкерлер бойынша аға менеджері Любовь Жигарла.

Мекеме өкілдері жұмысшылардың жағдайын жақсарту үшін тендерді ұтуымыз керек дейді. Оңтайлы шешім сонда ғана қабылданады-мыс. Бірақ «қолымызға он мың теңгеден артық ақша алмаймыз» деген жұмысшылар мардымды айлық бермейінше өндіріс ошақтарды тазаламаймыз дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/853171-arselor-mittal-temirtau-kompaniyas.html