RU

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Өткен аптаның соңында өрбіген кадрлық ауыс-түйістер одан ары жалғасып, жергілікті жерлерде де бірқатар тағайындау орын алды. ҚазАқпарат өткен аптаның соңында және осы аптада орын алған кадрлық тағайындауларға шолу жасайды.

Өткен аптаның соңында еліміздің жоғары билігінде бірқатар жаңа тағайындаулар орын алғаны белгілі.

Мәселен, ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне келсе, оның орнын Бейбіт Атамқұлов басқан болатын. Сонымен қатар Алматы қаласына біраз жылдан бері билігін жүргізген Ахметжан Есімов мырза «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының тізгінін ұстаса, Бауыржан Байбек оңтүстік астанамыздың су жаңа әкіміне айналды.

Сонымен Оңтүстік Қазақстан облысының жаңа әкімі болып Бейбіт Атамқұлов тағайындалды. Бейбіт Атамқұлов 1964 жылы 19 мамырда Алматы облысында дүниеге келді. 1986 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын инженер-металлург мамандығы бойынша аяқтады. 2000 жылы Санкт-Петербор экономика және қаржы мемлекеттік университетін тәмамдады, экономика ғылымдарының кандидаты. 2014 жылдан бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы болған.

Алматы қаласы әкімі қызметіне Бауыржан Байбек келді. Ол бұл қызметке дейін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Ал Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімов «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы қызметіне тағайындалды.

Сондай-ақ, Сейсенғазы Чукаев Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының әкімі болып тағайындалды.

Батыс Қазақстан облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өкімімен Жанболат Ғайнешұлы Иманғалиев облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып тағайындалды. Бұл қызметке келгенге дейін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті облыстық департаментінің директоры болды.

Жамбыл облысы әкімі Кәрім Көкрекбаевтың өкімімен Нұржігітов Нұржан Молдиярұлы облыстық әкімдіктің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының қызметіне келді.

Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков осы аптада елорданың үш бірдей басқармасының басшыларын ауыстырды. Атап айтқанда, қалалық құрылыс басқармасының басшысы болып, бұған дейін Тұрғын үй инспекциясы басқармасын басқарған Талғат Рысбеков, Ішкі саясат басқармасының басшысы болып Ерлан Қаналимов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып Әсет Құрманғалиев тағайындалды.

Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы болып Дулат Нұрахметұлы Нұрмолдин сайланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/854625-qazaqstandaghy-zhanha-kadrlyq-taghayynd-11.html