RU

«Sanar Тravel» туристік компаниясы туристерді сан соқтырып, далада қалдырды

Туристер тағы тентіреді. Бұл жолы "Санар Тревел" мекемесі 40-қа жуық демалушыны сан соқтырып кеткен.

Қаржыны қалтасына басқан фирма директоры орнында жоқ, ғимарат есігінде құлып тұр. Ал, алданып қалған отандастарымыз құзырлы орындардың табалдырығын тоздыруда.

Туристік компания төңірегінде туған дау толастамай келеді. Бұл жолы "Санар Тревел" шатаққа ілініп, азаматтар наразылығын тудырған. Себебі шетелді аңсап, жылы жағажайға асыққан азаматтардың үміті ақталмады.

«Менің әйелім де туристік агенттікте жұмыс істейді. Оған шет елде демалғысы келген тұрғындар хабарласып, ыңғайлы туристік пакеттер тауып беруін өтінді. Біз 4 маусым күні осы туркомпанияға келіп, тағы да осы адамдар үшін ақша төлеп, барлық чектерді алдық. Ал, 7 маусымда біздің демалысымыздың ақысы төленбегенін және бізге берілген құжаттардың жалған екенін анықтадық»,- деді жәбірленуші Дарлен Юсубалиев.

Ақпар бойынша, құйтырқы әрекетті жүзеге асырғандардың бірі ретінде фирманың менеджері Салима Рахимова күдіктілер қатарында. Ол тіптен, уақытша ұстау абақтысында 3 күн болыпты. Тек кепілдік сомасын төлегеннен кейін босатылған көрінеді. Тексеріс нәтижесінде оған ақшаны заңсыз жымқырды деген айып та тағылыпты.

«Қазіргі тексеріс жұмыстары бітпейінше, мен сіздерге ештеңе айтып бере алмаймын. Себебі қандай да бір ақпарат таратуға менің құқығым жоқ. Мен ешқандай ақша алған емеспін, өзімді кінәсіз деп есептеймін»,- деді «Sanar Тravel» туристік компаниясының менеджері Салима Рахимова.

Деректерге сүйенсек, «Санар Тревел» компаниясынан 40-тан астам алматылық жапа шеккен. Ал, жәбірленушілер бұл даулы іске компания директоры Рано Санарованың да қатысы барын алға тартуда.

Яғни, туристердің қаржысы қарыздарын өтеуге жұмсалып отырған деген дерек те бар. Себебі компания тағдыры қыл үстінде көрінеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/855095-sanar-travel-turistik-kompaniyasy-turisterdi.html