RU

Жан Ахмадиев аяусыз соққыға жығылуын шығармашылығымен байланыстырды

Әліби Жұмағұловқа бейнебаян арнаған рэпер Жан Ахмадиевтің аяусыз соққыға жығылғанын хабарлаған едік. Енді ол болған оқиғаның мән-жайын 31 арнаға толығырақ айтып берген.

Қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерді өткір сынға алып, рэп шумақтарына өріп ән айтқан Жан Ахмадиевқа қастандық жасалды. Миы шайқалып, аяғы жарақатталған жігіт қазір ауруханадан шығып, үйінде емделуде.

Жәбірленушінің айтуынша, бұл оның шығармашылығымен тікелей байланысты. Себебі баукеспелер оған әлде біреудің сәлемін жолдап, сес танытқан.

Кешкі ондар шамасында көлігін тұраққа қойып, үйіне беттеп келе жатқан Жан Ахмадиевті үш сомбалдай жігіт қоршауға алып, аяусыз соққының астына жығады. Бірнеше уақыттан кейін есін жиған рэпер өзінің екі жерден пышақталып, қансырап жатқандығын байқайды.

"Соқты, тепкіледі, орысша айтқанда добивать етті. Мен есімді жоғалтып алдым. Соққанда жарқ-жұрқ етіп, көзім жарқылдап кетті. Пышақ сұққанын мүлдем сезбей қалыппын. Құр сөз есімде қалыпты "саған братандардан салам" деген", - дейді  рэпер Жан Ахмадиев.

Алайда бұл сәлемнің кімнен жолданғаны әзірге белгісіз. Себебі рэпер "Қазақпыз ғой" деп аталатын бейнебаяндар сериясында 13 жылға сотталған Қайрат Жамалиевты да, одан таяқ жеген Әліби Жұмағұловты да, автокөлігімен 6 бірдей адамды қағып кеткен Мақсат Үсеновты да тілге тиек еткен еді.

Ізінше ғаламтор беттерінде рэпердің аңдымай айтқан сөздері үшін өкінетіндігін бейнелеген видео жарияланды. Ол Әлібиді альфонс, ал оның әкесін осы оқиғадан PR жасап, пайда тапқыш деп атағаны үшін кешірім сұраған. Десе де бұл өзгенің қыспағына түсіп, сойылын соғу емес, қарапайым адамгершілік - дейді Ахмадиев.

"Әліби мені соттап жібереді екен - деп, қорыққаннан кешірім сұрамадым. Оған себеп Әлібидің жақтастары маған хабарласып, Әлібидің басында қиын жағдай өтіп жатыр, оның жақсы жігіт екендігін сіз білмейтін шығарсыз. Астанада көшеде кетіп бара жатқан кезде жанындағы мәшинелерден даңғырлап, менің рэп оқып жатқаным естіледі екен. Содан қазір күйзеліске, депрессияға ұшырап жүр деген хабарлар жетті. Мен кейіннен түсіндім, Әлібиге қатысты қатты асырып жазып жібергенімді", - дейді рэпер.

Бұдан өзге жас жігіт Батыс Қазақстандықтардың да шымбайына басқан екен. Оған МС Сайлаубек жайында түсірілген клип себеп болған. Жерлестерін пір тұтқан.

Осылайша, жалғыз басына қанша қыспақ көрсетілсе де, рэппер шығармашылығымда тоқтатпаймын деп отыр. Жақын уақытта рэппердің "Диалог" деген жаңа туындысы жарыққа шықпақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/855663-zhan-akhmadiev-ayasuyz-soqqygha-zhyghyluyn.html