RU

Оралда қыздарына хиджаб киюге тыйым салғаны үшін ата-аналар бас көтерді

Оралда қыздарына хиджаб киюге тыйым салған мектептің үстінен 20 шақты оқушының ата-аналары прокуратураға шағым түсірді.

Бұл туралы "Уральская неделяға" сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

14 тамызда Орал прокуратурасында шағымданушы бір топ ата-ана мен қалалық Білім беру департаментінің өкілдері кездесті.

Ата-аналардың бас көтеруіне білім орнында қыздарына хиджаб тағуға тыйым салған мектеп басшылығы себепкер болған.

Мектеп басшылығы бұл тыйымға бірыңғай мектеп формасын кию туралы мектептің ішкі ережелері негіз болғанын алға тартты.

Ата-аналармен кездесуге дін істері бойынша департаменттің маманы да келген.

"Осынша шулатудың не қажеті бар? Бұл мәселені дабыра қылмай шешетін едік", -  деген департамент өкіліне ата-аналар одан бетер ашулана түскен.

Ашуға булыққан ата-аналар ішінде ҚЕӘҚА оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты Арман Әбдірашид те бар:

"Дін сіздерге ойыншық емес. Тек үйде мұсылман болып, шыға салысымен өзге адам бола қалуға болмайды. Біз қыздарымызға мектепте хиджаб киюге тыйым сала алмаймыз. Бұлай істесек, оларды екіжүзділікке баулыған болып шығамыз", - дейді оқытушы.

"Жағдай оңай емес. Бұл мәселені шешу үшін заңнамаларды мұқият қарап шығу керек. Қазір бір нәрсені анық айта аламын. Мектепке хиджаб киген қыздарды кіргізбей қояды деген негізсіз сөздер. "Білім туралы" заң бойынша, әр Қазақстан азаматы білім алуға құқылы. Ал мектепте хиджаб кию мәселесі әзірге ашық күйде қалуда. Біздің бұл мәселеге жауап беруге әлі уақытымыз бар. Жауап қайтару мерзімі біткен жоқ", - дейді қала прокурорының көмекшісі Алмагүл Исмағұлова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/855918-oralda-mektep-basshylyghy-oqushylargha-m.html