RU

Қазақстанда жаңа форма оқушыларды ұялы телефонның залалынан сақтайтын болады

Қазақстанда ұялы телефондардың залалынан, яғни электро-магниттік сәулеленуден сақтайтын мектеп формалары саудаға шығарылды.

Баласының денсаулығын ойлаған ата-аналар ұялы телефон залалынан сақтайтын форма сатып алып жатыр. Оның қалтасы - арнайы матадан тігілген қорғаныш. Оқушылар ұялы телефондарын қалтада сақтауы қажет.

Мұндай форма сатылатын дүкенде бірді-екілі адам ғана жүр. Себебі қазақстандықтар жаңа костюмдердің сырын біле бермейді.

"Балам бірінші сыныпқа барады. Бірінші сынып болса да телефон болуы керек. Осы костюмдер телефонның зияндығын азайтады екен. Көрсетеді қағаздарын, матасы тігілген, телефонның зиянын тек қана кішкене азайтады деп түсіндіріп жатыр", - дейді Астана қаласының тұрғыны Дамир Марс.

Кішкентай ғана қалташаның ұялы телефоннан бөлінетін сәулеленуден қорғайтынын қалай дәлелдеуге болады? Әзірге дүкен сатушыларының қолында тек ИСО 9001 сапа стандарты бойынша тәжірибелік сынақ қорытындысы ғана бар.

"Біздің форманың ішкі қалтасына арнайы мата тігілген. Ол матаны Қазақстан Германиядан сатып алады. Құрамына мыс қосылған материал ұялы телефонның зиянынан сақтайды. Біздің сертификатта 90-95 пайыз залалын жояды делінген", - дейді дүкендер желісінің әкімгері Дилярам Тұрсынова.

Дамир Марс ол қалташаның телефоннан келетін залалды толық жоймайтынын айтады, дегенмен пайдасы бар.

Немістермен бірлесе жұмыс жасаған қазақ тігіншілері биыл осындай 50 мың мектеп формасын шығарса, келер жылы 70 мыңға көбейтпек. «Себебі сұраныс та, тапсырыс та көп», – дейді.

"Басқа жерлерден гөрі арзанырақ. 15 мың теңге. Ал қалған жерлерде 25-30 мыңнан. Бір жақсы жері соткадан қорғайтын қалтасы бар. Өйткені мен өзім сотканы көп қолданам", - дейді Астана қаласының тұрғыны Сәкен Тасмағамбетов.

Ересектер түгілі оқушылар, кіші сыныптатағылардың өзіне дейін қазір телефонын бір сәтке қолынан тастамайтыны мәлім. Қорғанышы бар қазақстандық тауардың құны 15 мың теңге.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/857377-qazaqstanda-zhanha-forma-oqushylardy-uya.html