RU

Қарағанды облысында өгей әкесінен таяқ жеген 10 жасар бала үйінен қашып кетті

19 тамыз күні ағымдағы жылдың 4-шілдесінде жоғалып кеткен 10 жасар қарағандылық Максим Гильмутдинов табылды. Бала өгей  әкесінің қорлығына шыдай алмай, қашып кеткен.

Бұл туралы Today.kz сайтына сілтеме жасап, NUR.KZ хабарлайды.

Белгілі болғандай, өткен жылдың күзінде жағы сынған Максим ауруханаға түседі. Ол өгей әкесінің жұдырықпен ұрғанын айтып, ауруханаға өзі келген.

Максим оқитын мектептегілердің айтуынша, бала төмен жағдайлы отбасында тәрбиеленген. Өгей әкесі бұрын сотталған, әрі  ішімдікке салынған. Анасы болса, ұлына араша түспейді екен.

Қалалық білім бөліміндегілер Максимнің анасын ата-аналық құқықтан айыру мәселесін былтыр бастағанымен, іс аяғына дейін жетпеген. Себебі, анасы Максимді өгей әкесі емес, өзге біреудің ұрғанын айтып, күйеуін ақтап шығады.

Осыдан соң, өткен айда жоғалып кеткен Максим Гильмутдиновтің үйінен кетуіне өгей әкесінің қорлығы себеп болуы мүмкін деген болжам нақтылана түскен. Егер деректер дәледенсе, баланың анасын ата-аналық құқығынан айыру мәселесі тағы қарастырылады.

Еске сала кетейік, жоғалған бала қаладағы емдеу мекемелерінің бірінен табылды. Дәрігерлер Максимнің ақыл-есі кемдігі үшін мүгедектер қатарына жататынын да айтты.

10 жасар бала үйінен бірнеше мәрте қашып кетіп, көше кезіп жүрген. Үнемі күлімдеп тұратын сүйкімді баланы полицейлер ғана емес, қала тұрғындары да бірден тани кетеді. Тұрғындар баланың қайда жүргені туралы тәртіп сақшыларына үнемі хабарлап отырған.

Қазіргі таңда бала өз үйінде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/860024-qaraghandy-oblysynda-ogey-akesinen-ta.html