RU

Ақтауда дәрігерге ашуланған тубдиспансер емделушісі өзін пышақтап тастады

Ақтауда дәрігерге ашуланған туберкулез диспансерінің емделушісі өзін пышақтап тастады.

Бұл туралы «Тумбаға» сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Емделуші мұндай ессіз қадамға амалсыздан барғанын айтуда.

Екінші топ мүгедегі Имамәлі Құдайбергенов 10 сәуірде жамбас буынының сүйек туберкулезі сырқатымен емханаға түседі.

"Менің денемнен 3 литр ірің алынды. Қазір тағы да іріңдеп жатырмын. Мені соңына дейін емдемей, ауруханадан шығарып тастамақшы. Жаңаөзендегі емханаға бар дейді. Оларда тіпті жараны таңатын медбике жоқ. Үйімде емшектегі бала бар. Оларға жұқтыруым мүмкін. Оташы маған ешқандай ем көрсетілмесін деп бұйырған. Қараусыз жатқаныма үш күн болды. Шағымдарыма құлақ асатын жан жоқ", - дейді Имамәлі Құдайбергенов.

Науқас оташы дәрігердің дөрекілік танытқанына ызалы.

"Үш күн бойы ем де, тамақ та берілмеді. "Шық" деп балағат сөздер жаудырып, тіпті төбелесуге дайын. "Төртінші қабаттан секіріп кет, маған бәрібір, менің тіреуішім мықты" деп кеудесін қағады", - дейді Құдайбергенов.

Ол дәрігерлердің ешқандай томографиясыз қалай болса солай диагноз қоя салғанын айтуда. Азамат шағымданып, екі рет сенім телефонына хабарласқанымен, ешкім қол ұшын созбаған.

Оташымен сөйлеспекші болған әйелі оның кабинетінен жылап шыққан екен.

Қазір ер кісі туберкулез диспансері хирургиялық бөлімнің палатасында жатыр. Ер кісі өзіне салған жарақатын сырқатына лайықты ем көрсетпейінше, тіктірмейтінін алға тартты.

Облыстың денсаулық сақтау басқармасының диспансері бұл жағдайға қатысты әзірге түсініктеме бермеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/860738-aqtauda-darigerge-ashulanghan-tubdisp.html