RU

Дағдарыс кезінде қазақстандықтар ақшасын қалай үнемдей алады?

Қазақстанның ұлттық валютасы екі күнде басынан үлкен өзгерістерді кешірді. 9 тамызда теңге валюталық дәліздің ең биік шыңына жетіп, 188 теңгеден 198 теңгеге өсіп кетсе, 20 тамызда ел үкіметі теңгені еркіндікке қоя беретінін мәлімдеп, АҚШ доллары мен басқа валюталар бірден шарықтап шыға келді.

Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев бюджет жағдайының нашарлағанын айтып, алдағы 5-7 жылда Қазақстанда бұған дейін болмаған экономикалық қиындықтар күтіп тұрғанын мәлімдеді.

1,5 жылдай көрінбей, теңгеміздің құнсызданатыны туралы мәлімдеп, халықпен көзайым болған премьер-министр Кәрім Мәсімов те Қазақстан үшін бұдан да қиын уақыт туындау мүмкін екенін айтып, алдағы бес-алты жылда мүлдем басқа экономикалық жағдайда өмір сүретінімізді ескертті.

Сонымен қатар Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев та бұл дағдарыстың өзгеше екенін тағы да ескертуді жөн көрді.

Осы орайда NUR.KZ дағдарыс кезінде үнемдеудің қажет екенін ескере отырып, ел ағаларының аузынан шыққан үнемдеудің ең тиімді жолдары туралы жариялайды.

Алматыға жаңа тағайындалған әкім, "Нұр Отан" партиясының бұрынғы төраға орынбасары жас та болса, бірқатар пайдалы кеңестерімен белгілі.

“Болашақ” бағдарламасымен Германияда білім алған саясаткер Байбек Қазақстан жастарымен кездесу барысында Германия жайлы әңгімелеп берді.

Ол кезде коммуналдық қызметтің ақысын көтеру мәселесі қызу талқыға салынған еді. Байбек Германияда әрқашан түнде "батареяны өшіріп, суды қойып қояды. Су мұздай бастағанда, жылуды қосады. Үй ыстық болса, таңертең қалжырап, шаршап тұрасың, өйткені суық кезде адам жақсы демалады. Бөлме суық болса, адам денесінің температурасы да түседі. Температура түскенде – дене демалады" дегенді айтып, немістерден үлгі алуға шақырған еді.

Бәйбекке дейін Алматыны 7 жылдай басқарып, қазір "ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының төрағасы болып тағайындалған Ахметжан Смағұлұлы “әрбір алматылық тікұшақпен тауға барып, төмен шаңғымен құлдилап, етекке түсіп гольф ойнайды” деген болатын.

Сондықтан баршамыз ақшамызды оңды-солды шаша бермей, "тікұшақпен тауға барып, шаңғымен төмен құлдилап, етекке түсіп гольф ойнауды" қойғанымыз әзірге абзал болар.

Коммуналық ақы мен жылжымайтын мүлікке салынатын салық қалтаны қағады. Бұдан құтылудың амалы - ағамыз сияқты әйелінің үйінде тұру.

Сондай-ақ экс-әкімнің велосипедті серік еткендердің бірі екені баршамызға аян. Сондықтан қымбат көлікті немесе қоғамдық көлікті велосипедке алмастырсақ, нұр үстіне нұр болатыны сөзсіз.

Егер де көліктен бас тарта алмасаңыз, онда Энергетика министрі Владимир Школьниктің кеңестері тығырықтан шығар жол болмақ.

Естеріңізде болса, ведомство басшысы 2014 жылы тұрғындарға бензиннің қымбаттауына жауап ретінде көршісімен қосылып, жұмысқа жетуге кеңес берген еді. "Добалдай джипке мініп, қымбат бензинді жаққанша, жетететін жеріңізге көршіңізбен жетіп қалыңыз" деген шенеунік үнемдеудің басқа жолы ретінде өзі сияқты жаяу жүру керек деген ақылымен бөлісті.

Ұлттық банк тарихында есімі алтын әріппен жазылатын төраға Қайрат Келімбетов 2014 жылдың мамырында ақша үнемдеудің бір жолы ретінде несиеге тоңазытқыш алмауға ұсынған еді. Келімбетов "несиені арқалағанша, қайдағы жоқ бір тоңазытқышсыз өмір сүрген дұрыс" екеніне сенімді.

Жарар, тоңазытқышсыз өмір сүре алмайсыз ғой, сатып алған азық-түлігіңіз әрбірден соң азып кетуі мүмкін. Бірақ абажыдай терезелерсіз күнелту мүмкін.

Мәселен, мәжілісмен Талғат Ерғалиевтің жылуды, демек оған жұмсайтын ақшаңызды, үнемдеу үшін терезелердің көлемін кішірейтуді ұсынған еді.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/862304-daghdarys-kezinde-qazaqstandyqtar-aq.html