RU

Тарихы тереңге бойлаған ежелгі Тараз туралы не білесіз? (фото)

Тараздың тарихы туралы әртүрлі пікірлер бар. Қаланың құпияға толы тарихынан қызықты мәліметтерді munara.kz сайты тізбектеп шықты.

Тараздың салынған уақыты 568 жыл деген де тұжырым болған. Дегенмен, бұл нұсқалардың барлығы жоққа шығарылып, шаһар іргетасы осыдан 2000 жылдан астам уақыт бұрын көтерілді деген дерек нақтыланды.

Бұған негіз болған –  қытайлық ежелгі «Цянь Ханьшу» жылнамасындағы деректер. Деректерде Тараздың іргесін қалаған – ғұн билеушісі Шажа деп көрсетілген. Ол қазіргі жыл санауымыздан бұрынғы 42-41 жылдар болуы керек.

Деректерге сенсек, б.э.д. 1 ғасырдың соңында Талас пен Сырдария өзендерінің маңында Қаңлы көшпенді халқының мемлекеті өмір сүрген. Олар жетісулық үйсіндермен жаугершілікте болған.

Үйсіндер қаңлыларды қыспаққа алғаннан кейін қаңлылар ғұндармен одақ құрмақшы болып, ғұндардың билеушісі Чжи-Чжиді (жаңағы айтылған Шажа) шақырады.

Чжи-Чжиге қаңлылар көсемінің Таласқа шақыруы өте қолайлы ұсыныс болды. Ол 3 мың қолмен келгенімен, қаңлы мемлекетіне көмектесе алмады.

Сөйтіп, Чжи-Чжи мен қаңлылардың арақатынасы үзіледі. Чжи-Чжи Талас өзенінің маңайында қалып, өзіне қала соға бастайды. 500 жұмысшының қолымен 2 жыл соғылған қала мықты бекініс болып шықты.

Қаланың дуалы екі қабаттан тұрды – сыртқы қабаты ағаш, ішкі қабаты лайдан соғылған. Кейбір деректерге сүйенсек, Талас деп аталған бұл қаланы тұрғызу жұмыстарында Рим легионерлері де еңбек еткен.

Тараз қолөнер өндірісі жақсы дамыған сауда қаласы болды. X ғасырдағы араб географы Әл-Макдиси былай деп жазды:

«Тараз – бақтары қыруар көп, халық тығыз қоныстанған, орлары, төрт қақпасы мен адамдары мекендеген қамалы бар үлкен бекіністі қала. Екінші мединада үлкен өзен, оның ар жағында шаһардың бір бөлігі, оның үстінен  өтетін көпір бар. Базар ортасында мешіт үйі тұр».

Ал қытай саяхатшысы Сюань-Цзянь:

«Мұнда көптеген елдерден келген саудагерлер тоқтайды және сан алуан тауарлармен сауда жасайды», - деген екен. Үш ғасыр өткен соң Ибн Хаукаль тағы да сол Тараздағы сауда туралы: «Тараз – мұсылмандардың түріктермен сауда жасайтын орны», - деп жазады.

Ал жалпы қала орнының аумағы 90 гектарға жуық. Шахристанның қираған орны 7,5 гектар аумақты алып жатыр. Мұнаралары, қамал қабырғаларының қалдықтары да сақталған.

Археологиялық қазбалар кезінде зороастриизмге тән жерлеу орны табылды. Негізі, қаланы қазғанда бес мәдениет қабаты анықталды. Соның ішінде X-XII  ғасырлардағы мәдени қабат Тараздың сол заманда қарқынды дамығанын дәлелдеп берді.

Үшінші қабат керамикасының ерекшелігі – қара және қоңыр түстермен ұштасқан күңгірт-қызыл бояулардың басымдығы. Тараздың тұрғын үйлері қоғамдық ғимараттарға қарағанда, тым ұсақ  болып келген.

Төселген тротуарлар, қыш құбырлардан тұратын сумен жабдықтау жүйелері Тараз қаласының өркениеті қаншалықты озық болғанын көрсетеді. Мәселен, XI-XII ғасырларда Тараз өзінің шығыстық үлгідегі моншаларымен атақты болды.

Монша ыстық өткізгіш арналар жүйесімен жылытылған, онда су құбырлары болды. Монша қабырғалары өрнекті суреттермен әшекейленді. ХІ ғасырдың ғұламасы Махмұд Қашқари Тараз тұрғындары түрік және соғды тілдерінде сөйлегенін тілге тиек етеді.

ХІ ғасырда Таразда ақша сарайы жұмыс істеген. Көптеген шығыс елдеріндегі археологиялық қазбалар кезінде Таразда соғылған күміс дирхемдер табылды.

Ежелгі Тараздың тарихы тереңде. 568 жылы түрік қағаны өзінің керемет ордасында Византия елшісі Земархты қабылдаған.

Қала VI-IX ғасырларда қарлұқтарға қарады, ал Исмаил Ахмет жаулап алғаннан кейін саманидтер әулеті иелігіне енді. Х ғасырдың соңы мен ХІ басында Тараз қараханидтер мемлекетінің астанасы болады.

Тараз Дех, Адахкес, Бехлу, Шелжі, Сус, Нужикес, Хамукат, Жікіл секілді шаһарлары бар үлкен аймақтың орталығы болды.

Көп ғасырлық тарихында Тараз әлденеше рет қирауға ұшырады. 1210 жылы оны Хорезм шахы Мұхаммед монғолдардың қолына бермес үшін әдейі талқандаған екен.

Ал 1219-1220 жылдары монғолдар, 1307 жылы шағатайлықтар жермен-жексен етті. Жалпы, қала ретінде тек ХV ғасырға дейін өмір сүрген. Сосын ХVІІІ ғасырға дейін жай ғана елдімекен болды.

Тарихшы С. Байтіленнің пікірінше, жоңғарлар 1723 жылы қиратқан Тараз қаласының орнына 1774 жылы Абылай хан Әулиеата қаласын қайта көтерді. Сондықтан, Тараздың қайта түлеуіне Абылай ханның қосқан үлесі зор.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/863021-tarikhy-terenhge-boylaghan-ezhelgi-taraz.html