RU

Ақтөбедегі базар маңынан жарылғыш зат табылды

Ақтөбе қаласындағы «Тұрсын» сауда үйінің маңында табылған күдікті қорапты құқық қорғаушылар залалсыздындырды.

Куәгерлердің айтуынша, «жарылғыш зат» табылған кезде тәртіп сақшылары сауда үйінің ішіндегі барлық адамды қауіпсіз жерге шығарған.

Сауда үйі Ақтөбе қаласының ескі бөлігінде орналасқан. Халық көп шоғырланған базар маңындағы күдікті қорапты көрген белгісіз азамат алдымен полицияға хабар берген. Жергілікті уақытпен сағат 09:52-де хабар түскен соң құқық қорғаушылар шұғыл жеткен.

«Хабар түскен соң саперлер мен полиция қызметкерлерінен құралған арнайы топ оқиға орнына барды. 236 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Олардың 51-і бала. «Арлан» арнайы жасағы мен саперлер жіті тексерген соң табылған белгісіз заттың музыкалық дыбыс күшейткіш екені анықталды. Табылған зат сындырып, залалсыздандырылды», - дейді облыстық ІІД-і баспасөз қызметі.

Оқиға куәгері Диас Досалиновтың айтуынша, олар қорапты тексеріп, музыкалық дыбыс күшейткіші екендігін анықтаған соң оған сым жалғап, қорапты жарып жіберген.

Қазір оқиға орнында тек шағын әйнек сынығы жатыр. Сауда үйінің іргетасы қара күйе. Ал түс мезгілінде мұнда сауда қайта қыза түсті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/863134-aqtobedegi-bazar-manhynan-zharylghysh-za.html