RU

Жамбыл облысында 13 жастағы қыз баланы зорлаған күдікті әлі бостандықта жүр

Жамбыл облысында 13 жасар мектеп оқушысын зорлады деп күдікті бостандықта жүр. Тіпті, күдіктіден жәбірленушіге айналған. Ал қыздың анасы әділдік іздеп шырылдап жүр деп хабарлайды 31 арна.

Қыз баланың анасының айтуынша, бармаған жері, қақпаған есігі жоқ. Ал тергеу ісін бастаған тергеуші аяқ-астынан өзі пара алды деген күдікпен қамауға алынған. Артынша істі өз қолына алған аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары да түсініксіз жағдайда тұтқынға алынған. Аяғында өздері зар илеп қалған полицейлердің туыстары мен зорланды деген қыздың анасы енді араша сұрап әлек.

Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғыны Салтанат Үсенбаева 13 жасар қызын екі апта іздеп 21 тамызда тапқан. Оның айтуынша, қызы Жәнияны зорлады деген күдікті бостандықта жүр. Бірнеше мекемеге шағымданып, заңның орындалуын талап еткен. Себебі өзге қылмыстық іске байланысты зорлау айғағы бойынша істі тоқтатуы мүмкін дегенді естіпті.

"Білмеймін не істейтінімді. Қайда барамын енді? Қанша жерге арыз жаздым. Ешкім қарамайды. Бәрін сатып алған", - дейді Жәнияның анасы Салтанат Үсенбаева.

2015 жылдың мамыр айында Шу аудандық ішкі істер бөліміне шағымданған ана тергеу ісі бір аптаға жетпей үзілгенін айтады. Себебі пара алды деген айыппен істі жүргізген тергеуші қамауға алынады. Артынша аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары тергеуге кедергі келтірді деген желеумен қамалды. Себебі қыз зорлады деген күдікті полиция мойоры мені ұрып-соқты деп келесі күштік құрылымға арыз түсірген. Ал полицейдің туыстары мойор Оспановтың ешқандай айыбы жоқ деген сенімде.

Тұтқындағы Оспановтың әкесі - Ішкі істер саласында 40 жылдық еңбек өтілі бар полиция полковнигі. Жанары жасқа толған әкенің айтуынша, тергеу барысында заң бұзушылықтар көп және Оспановты ақтап алатын дәлелдері де қолында екен. Ал 7 сынып оқушысы бүгінде куәгерді қорғау бағдарламасы бойынша заң орындарының қамқорлығындағы азаматтың өзін қашан, қалай және қай жерде зорлағанын нақты баяндап отыр.

"Гелиос жанармай бекетінің артына апарды. Сол жерде маған қинап тиісті. Қинап шешіндіріп, артынан мені зорлады", - дейді жәбірленуші Жәния Үсенбаева.

Қыздың анасы шағым түсіре салысымен, сот медициналық сараптама жасатқан. Шу аудандық ауруханасындағы Кенжебай Олжас есімді сарапшы қыздың жыныс мүшесіне ешқандай зақым келмеді деп қорытынды берген. Алайда бұған сенбеген Салтанат Тараз қаласында қайта сараптама жасатқан. Бұл қорытындыда зорлық белгілері бар деп көрсетілген. Ең қызығы, күдіктінің танысы 9 мамыр күні оның қыз зорлағанын айтып көмек сұрап келгенін нақтылап отыр.

"Тоғызыншы мамыр күні Мұхитұлы Мағжан маған келіп, жанындағы қызды зорлағанын айтты. Менен көмек сұрады. Мен оған көмектесе алмайтынымды, өз проблемасын өзі шешуге тиіс екенін айттым", - дейді Дулат Жұман.

Полиция мойоры Оспанов Мұхамед-Рақым тұтқындалғаннан кейін Шу аудандық Ішкі істер бөлімінен береке қашады. Ол жердегі қызмет ететін алпысқа жуық полицей өздерінің құқығын қорғап, заңдық қолдау сұрап ішкі істер министріне хат жолдайды, тізімге қолдарын қояды.

Рапорт көшірмесін Бас прокурор Дауылбаевқа, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әбіқаевқа да жолдаған. Полиция қызметкерлері тергеу барысында өздеріне қысым көрсетіліп, тұтқындағы полицейлерге қарсы түсінік беруге мәжбүрлеп жатқанын айтқан. Тіпті, қызметкерлердің кейбірі жұмыстан кетуге бел буыпты. Ал күдіктінің арызы бойынша әрекет еткен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті әзірге нақты түсінік беруден бас тартты.

Күдіктінің аяқ асты жәбірленушіге қалай айналып кеткені әлі де түсініксіз. Бұған дейін тек атышулы қылмыстық істермен ғана айналысқан арнайы прокуратураның аудандық деңгейдегі іспен айналысуы да сұрақ күйінде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/863280-zhambyl-oblysynda-policiya-mayory-13-zhast.html