RU

Теңге бағамын еркіне жіберуден кімдер зардап шегеді?

Инфляциялық таргеттеуге көшуде теңге бағамы Қазақстан мұнайды қаншалықты сата алады, қанша табыс табады, соған байланысты болмақ.

Сондықтан аталған жағдайға қатысты қандай да бір болжам айту қиын. Бұл туралы экономист Мақсат Серәлі мәлімдеді.

«Дәл қазір теңге бағамы осы күйінде сақталады ме, жоқ әлі де құнсызданады ма, бұл туралы әзірге айту қиындау. Қазіргі таңда бәрі мұнайдың бағасына, мемлекеттің табыс табуына байланысты болып отыр. Экономикалық жағдай өте қиын, бұл дағдарыс ұзаққа созылады әрі бұл жүйелі дағдарыс. Егер 2008 жылы дағдарыс ипотекадан бастау алса, онда жағдай қалай туындағаны түсінікті еді»,- деді Серәлі.

Сарапшының пікірінше, ағымдағы экономикалық дағдарыс 2008 жылдағы секілді белгілі бір себепке құрылмаған. Бұл бүкіләлемдік үрдіс.

Ол үрдіс Қазақстанның экономикасының барлық салаларына, мұнайгаз, қызмет көрсету, өндіріске әсер етеді. Салдарын жеңілдету үшін үкіметтің кешенді ықпалы керек. Соның бірі – жаңа ақша-несие жүйесіне көшу.

«Үкіметтің тығырықтан шығу үшін қолға алған алғашқы шарасы – теңге бағамын еркіндікке жіберуі. Экономика тұрғысынан алғанда, бұл дұрыс шешім. Бұл саяси емес, экономикалық шешім. Экономиканың өз заңдылығы бар. Осы күнге дейін төл валютамыз Ұлттық қордың арқасында қолдауға ие болып келді. 28 млрд АҚШ доллары бұл теңгені ұстап тұруда үлкен шығын. Сол шығыннан құтылу үшін біз еркін бағам енгіздік»,- деді сарапшы.

Сарапшы теңге бағамын еркіндікке жіберудің отандық экспорттаушылар үшін тиімді жағын айтты. Сөзінше, бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Ал  кемшін тұсы Қазақстанның шағын және орта бизнес өкілдері мен қарапайым халықтың қалтасына салмақ салады.

«Тиімді тұсы, біздің ірі экспорттаушылар мен шикізат компанияларының нарықта бәсекелестігі артады. Ал кемшін тұсы, ең алдымен еліміздің ішкі мәселелері. Халық зардап шегеді. Баға өседі, ал халықтың көбі жалақыны теңге түрінде алады. Сондықтан жаңа қаржылық режимге көшу халық пен ШОБ өкілдеріне салмақ салуы мүмкін», - деп түсіндірді экономист.

Мақсат Серәлінің айтуынша, ұлттық валютаны еркіндікке жіберуден тек ірі компаниялар ұтады.

«Қазір теңге бағамы әлемдік құнға байланысты құбылады. Алдымен ол еркіндікке жіберіледі, сонан соң инфляциялық шығын болады. Мұның бәрі ШОБ-ке әсер етеді. Қазір техника сататындардың көбі бағаны көтеру үшін жабылды. Өйткені сыртқы нарықта олар тауарды доллармен сатып алады. Қызмет көрсету саласы да өзгеруі мүмкін. Шетелдік мамандарға ақшаны доллармен төлейміз. Мұның бәрі кемшін тұстары. Ірі компаниялар ғана игілігін көріп, қалғандары шығынға батады», - деді Мақсат Серәлі.

Оның сөзінше, дәл қазіргі таңда мемлекеттік органдар азық-түлік тауарлары мен әлеуметтік қызметтердің баға саясатын қатаң бақылауы қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/863490-tenhge-baghamyn-erkine-zhiberuden-kimde.html