RU

Қазақстандық журналистер соғыс жағдайында жұмыс істеуге "дайындалып жатыр"

Қазақстандық БАҚ өкілдері жұма күні  Алматы қаласынан әскери ұшақпен Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу- жаттығу орталығына жеткізілді. Әскери жаттығу алаңына NUR.KZ тілшісі де барған болатын.

Жиында әскерилер блогерлер мен журналистерге түрлі тапсырмалар беріп, оқ пен оттың ортасында кәсіби қызметтерін қаншалықты атқаратындарын тексермекші.

Негізгі мақсат - тілшілерге жасалған түрлі психологиялық тестілеуден кейін оларға арнайы тапсырмалар беріліп, қарулы қақтығыс жағдайындағы өзін ұстау, ақпаратты толық алу және оны таратудағы белсенділігі мен дайындықтарын шыңдау.

Журналистерге берілген тапсырмалардың бірі «барлаушы жолымен» яғни әскери жағдайда жиі кездесетін кедергілерде сыналды. Онда қарсыластың іс-әрекеті мен жақын болашақтағы жоспарларын анықтау керек. Және олар тоқталған аймақты анықтаудың өзі үлкен іс.

Жазық даладағы қоршаулар сынды кедергілерден шектеулі уақыт арасында қарсыластың тоқталған жерін анықтау керек еді.

Тілшілерге қиынға соққан тапсырмалардың бірі арқаннан жасалған 3 м биіктікте орналасқан көпірден өту болды. Онда әр бір адам келесі бір әскеридің салмағы мен тепе-теңдікті сәйкестендіре отырып келесі жағаға өтуі керек болатын.

Оқу- жаттығу кезінде журналистердің кәсіби қызметін толық әрі сенімді атқаруын қадағаланды. Себебі, оқ атылып жатқан аймаққа келген әскери емес кез келген адамның бойын үрей билеп, негізгі жұмысын ұмыт қалдыруы мүмкін.

Сондықтан БАҚ өкілдеріне әскери ұжымда психологиялық тапсырмаларды көптеп берілді. Олар сол ортаны сезініп, серіктесінің яғни жанындағы әскери қызметкердің ішкі мақсатын түсінетін жағдайда болуы керек.

"Біздің мақсатымыз -  журналиске ақпарат алуда еркін әрі батыл,  оған қоса сақ әрекет етуі керектігін үйрету", -дейді ұйымдастырушылар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/863589-qazaqstandyq-zhurnalister-soghys-zhaghd.html