RU

Бүгін Астанада дзюдодан әлем чемпионаты басталады

Бүгін Астанада дзюдо күресінен лицензиялық әлем чемпионаты басталады. Рио Олимпиадасына жолдама тарататын жарыста Қазақстан құрамасы толық құраммен өнер көрсетеді.

Елімізде алғаш рет өткелі отырған байрақты бәсекеде 137 мемлекеттен 800-ден астам спортшы бақ сынайды деп хабарлайды 24.kz.

30 тамызға дейін жалғасатын додаға бір мыңға жуық қонақ келеді деп күтілуде. Олардың қатарында бапкерлер мен федерация басшылары, сондай-ақ басқа да лауазым иелері бар.

Жарыс ерлер мен қыздар арасында 7 салмақ дәрежесі бойынша өтеді. Сондай-ақ соңғы күні командалар өзара сынға түседі. Бұл жарыста ел намысын дзюдодан әлем чемпионы Максим Раков, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Азамат Мұқанов, Азия ойындарының чемпионы Елдос Сметов пен Олимпиада ойындарына қатысқан Александра Подрядова мен Гүлжан Исанова сынды спортшыларымыз қорғайды.

"Үйде болғаннан кейін біздер үшін өте қуаныш қой. Өзіміздің туысқандар, бүкіл ел қарайды. Енді осы жерде күреспегенде қай жерде күресеміз. Намысымызды жібермейміз. Жақсы болады деп ойлаймын", - дейді  дзюдодан Қазақстан құрамасының бас бапкері  Ермек Имамбеков.

Бүгін доданың алғашқы күнінде татамиге 60 келі салмақтағы ерлер мен 48 келі салмақ дәрежесіндегі қыздар шықпақ. 60 келіде Қазақстан намысын Елдос Сметов пен Рустам Ыбраев, 48 келіде Александра Подрядова қорғайды.

Рустам Ыбраевтың алғашқы қарсыласы - болгариялық Янислав Герчев. Елдос Сметов алғашқы белдесуінде финляндиялық Юхо Рейнвалмен күш сынасса, Александра Подрядова ресейлік Алеся Кузнецоваға қарсы шықпақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/863910-bugin-astanada-dzyudodan-alem-chempion.html