RU

Досым Сәтбаев: Девальвация халық пен биліктің арасын алшақтата түсті

Қазақстандық саясаткер Досым Сәтбаев  үкімет пен Ұлттық банктің теңгені еркін айналымға жіберу туралы шешіміне қатысты «жаңа девальвация халық пен биліктің арасын алшақтата түседі» деген пікірін kapital.kz сайтына берген сұхбатында білдірген.

Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.

Саясаткер Досым Сәтбаевтың пікірінше, Қазақстанның қазіргі билігі қоғамдық процестерге қатысты халық алдындағы  өзінің стратегиялық ықпалын жоғалта бастаған.

«Түсінесіздер ме, қандай да бір партия мен белгілі оппозициялық топтарды бақылауда ұстауға болатын шығар. Бірақ, қоғамдық сананы бақылауда ұстап, оған билік жүргізу мүмкін емес жағдай. Тәжірбие көрсетіп отырғандай, билік қазір тек қоғамдық көзқарасты өзгертуде ғана ықпалын жоғалтып отырған жоқ, сондай-ақ экономикалық саясатта да өз беделін түсіріп алған. Түсінікті ғой, экономикалық жағдайлар ішкі факторларға әсер етеді. Бұл теңге, рубль, юаньның құнсыздануы мен мұнай бағасының түсуімен көрініс тапты. Біздің үкіметтегілер өрт болғаннан кейін барып қимылға көшетін өрт сөндірушілер секілді көрінеді маған. Ал президент былтырғы жылы және биылғы жылдың басында үкіметке нақты тапсырмалар беріп, әлемдік нарықтағы жағдайларды ескере отырып, стратегиялық жоба әзірлеуді міндеттеген еді ғой. Үкімет сонда не қарап отыр? Сол үкімет пен Ұлттық банк теңгенің күрт құнсыздануы болмайды деп айтты ғой. Қане? », - дейді Досым Сәтбаев.

Егер билік Қазақстандағы экономикалық жағдайлардың қиын болатынын, қыржылық қиындық Қазақстанды қос бүйірден қысатынын,  теңгенің құнсыздануы мен экономикалық  жағдайдың нашарлайтынын ашық айтқан болса, қазіргі халықтың жағдайы басқаша болар ма еді?!

Бұл бірінші рет орын алған девальвация емес.  2014 жылдың ақпанында да  дәл осы жағдай қайталанған.

«Енді келіп үкімет пен Ұлттық банк президентті тығырыққа тіреп қойды. Ал президенттің өзі девальвация болмайды деп мәлімдеген еді ғой. Демек, президентке қате болжамдар жеткізілген. Бұл өз кезегінде біздің елдегі саяси институттардың экономикалық болжау деңгейінің төмендігін көрсетеді. Сірә, мұнай бағасының қымбаттауын күтсе керек. Бірақ керісінше болып кетті», - дейді саясаткер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/864060-dosym-satbaev-devalvaciya-khalyq-pen-b.html