RU

Шымкентте қаза болған жігіттің ата-анасы оны өлтірген күдіктіден 6 жыл бойы ақша алып отырған

Шымкентте студентті өлтіріп алған жас жігіт 6 жыл бойы құрбанының ата-анасына қаржылай көмек көрсетіп келген. Кінәсін мойындап, полицейлерге жүгінген жігіт 10,5 жылға сотталды.

Бұл туралы Otyrar.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

2009 жылы  Шымкенттегі  төбелестердің бірінде 24 жастағы жігіт 18 жастағы студентті атып өлтіргені үшін 10,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

2009 жылдың сәуірінде Шымкенттегі оқу орындарының бірінде оқитын студент Қалың Бахтиярұлын соққыға жығып, тонап кетеді. Келесі күні Қалың өз достарын жинап, мылтықпен қаруланған күйде Гагарин көшесіндегі лицейге бет алады.

Сол маңда жүрген тонаушы жігітті іздеп барып, бір топ жігітке оқ атады. Кейін ізін суытады. Оқ жарақатынан сол жерде жүрген 18 жастағы Шакур Ишан көз жұмады. Тағы бір жігіт жеңіл жарақаттанады.

«6 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген болатын. 2015 жылдың 2 сәуірінде, тура 6 жыл өткенде, кінәсін мойындап, өзі келді. Оның кінәсі толықтай дәлелденді. Сотталушы өлтіру ойында болмағанын, қарумен тек қорқытқысы келгенін алға тартты. Сот оған 10 жыл 6 ай мерзімінде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», - дейді қылмыстық соттың төрешісі Дәурен Мадалиев.

Айта кетерлігі, оқтан қаза болған жігіттің ата-анасы жасырынып жүрген қылмыскерден қомақты қаржылай көмек алып отырған.

Өлтірілген жігіттің әкесі кінәлі азаматқа кешірім беріп, соттан оны қылмыстық жауапкершіліктен босатуды өтінген болатын.

Алайда қылмыстың ауырлығына байланысты сот айыпталушыға 10 жыл қамауға алу жазасын тағайындады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/864369-shymkentte-qaza-bolghan-zhigittinh-ata.html