RU

Павлодар облысында түрлі-түсті қарбыз өсіріліп жатыр

Павлодар облысы Лебяжі ауданының «бас қарбызшысы» атанған Қайрат Шапуов биылғы жылы тәтті жидектің 50-ге жуық сұрыбын егіп, мол өнім алды.

Шаруаның айтуынша, қауындар ашық топырақта түрлі химикаттарсыз өсіріледі. Қазіргі таңда отандық және ресейлік нарықта танымал Лебяжі қауындарының алғашқы партиясы жиналып, саудаға шығарылған.

«Қайрат» Павлодар облысындағы ірі шаруа қожалығы болғандықтан, тапсырыстар алдын-ала қабылданады. Тұрақты тасымалдаушылардың қатарындағы ресейлік кәсіпорындар тарапынан «Холодок» сұрыбына сұраныс жоғары.

Лебяжілік шаруаның өнімдері Краснояр, Түмен, Иркутск, Новосібір, Омбы өңірлеріне де жеткізіледі.

«Әзірге қауынның 30 тоннасы жиналып, Ресей еліне экспортталып жатыр. Сонымен қатар, 14 тонна Астана қаласының сауда орындарына жеткізілді. Тұтынушылар қатарында жоғары сұранысқа ие сұрыптардың қатарында қара түсті «Қара патшайым», «Каристан» және жаңа «Бомба» сұрыбы бар. Сонымен қатар, швейцариялық селекция әдістерімен шығарылған «Топ гон» қарбызы баршаның сүйікті дақылына айналып үлгерді», - дейді Қайрат Шапуов.

Былтыр шаруашылық 500 гектарға қарбыздың 62 сұрыбын егіп, биылғы көктем мезгілінде егістік алқабын 1500 гектарға арттырған. Ерекшелігі сол – «тұқым шаурашылығы» мәртебесін алған соң 1000 гектарға асқабақтың тұқымын шашып, мол өнім алудан дәмелі.

«Асқабақ дәнін өңдеуге арналған украиндық құрал-жабдыққа тапсырыс беріп қойдық. Биылғы күзде мол өнім алып, асқабақ дәнін 20 келілік қапшықтарға салып, сатпақпыз. Бүгінде новосібірлік кәсіпорыннан тапсырыс алдық. Алдағы уақытта Еуропаның нарығын «жаулағымыз» келеді. Асқабақ тұқымдары шетелде косметикалық өнімдерді әзірлеуге қолданылады», - дейді қарбызшы.

Жаңа сұрыптарды өсіруге селекциялық жұмыстардың арқасында қол жеткізген. Былтыр жидектің орташа салмағы 10 келіден асқан. Өткен жылдың күзінде Лебяжі ауданында өткен қарбыз фестивалі барысында салмағы 20 келі 300 грамм тартатын «Фарао» сұрыпты қарбызын ұсынған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/864371-pavlodar-oblysynda-turli-tusti-qarby.html