RU

Павлодарда омыртқасы сынған төбетке иесі арнайы арба алдыртқан

Павлодарда омыртқасы сынған төбет енді арнайы арбамен жүретін болды деп хабарлайды КТК арнасы.

Белі сынып, қараусыз қалған итті Лилия Хисматулина күшік кезінде ветеринарларға көрсеткен. Олар жануарды ұйықтатып тастауға кеңес беріпті.

Алайда керекулік мамандардың сөзіне құлақ аспаған бойжеткен итті Новосібір қаласына жеткізіп, рентгенге түсіреді. Кейін Павлодарға оралған ол жұрттан көмек сұрап, бағасы 20 мың теңгелік арбаға тапсырыс берген екен.

Ал Лилияның өзі болашақ кинолог. Биылғы оқу жылында итті өзімен бірге алып кетіп, жаттықтырып көрмекші.

"Кей адамдар арбаға таңылған итті көргенде, күліп жатады. Өз басым үй жануарларын жақсы көремін. Сондықтан оларға қолдан келген көмекті аямауға тырысамын. Бастапқыда мамандар өледі деген жануар көшеде жап-жақсы қыдырып жүр", - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Лилия Хисматулина.

Лилия, сонымен қатар иті үшін көмек берген жерлестеріне алғысы шексіз екенін де жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/865289-pavlodarda-omyrtqasy-synghan-tobetke.html