Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда ашық-шашық киінетін бойжеткендерді жазалау ұсынылды

Опубликовано:

Қазақстанда бойжеткендерге ашық-шашық киінуге тыйым салу керек деген пікірін білдірген namys.kz авторы "қыздардың «шешінеміз» десе, үндемей, «киінеміз» десе баж ете қалатын" зиялы қауымын сынға алды.

Алмас Жұмағали есімді азамат өз мақаласында шығармаларын сүйіп оқитын жазушы ағамыздың (есімін құпия сақатаған) көлемді сұхбатын оқып, ондағы хиджаб киетін аруларды сынағанына қапалы екенін жеткізген.

«Бұған тосқауыл қою қажет, (хиджабты айтады) тiптi керек болса, заңмен тиым жасау керек. Менiңше, бұл дiни бағыттағы азаматтарымыздың адасуы болып табылады. Бiз зайырлы, дамыған мемлекет құрамыз деп жүргенде, түрлi ағымдағы дiннiң жетегiнде кеткен жастарымыздың осындай қылықтары жанымды ауыртады», - деген жазушының сөзін келтірген автор бұл сөздерге өз жауабын қайтарады.

"Құдай-ау хижаб үкімі «түрлі ағымдардан» келіп отырған жоқ, 14 ғасыр бойына бір әрпі де өзгермеген Құранның өзінен түсіп отырған үкім емес пе?", - дейді Алмас Жұмағали өз мақаласында.

Автордың айтуынша, хиджаб сөзі қазақша «бүркеніш» деген мағына береді.

"Қазақ қоғамы 30-жылдарға дейін рулық-аталық формада қауымдасып өмір сүрді. Сол себепті, бір ауыл адамдары бір-бірімен қан туыс, нақтырақ айтқанда, неке жүрмейтін кісілерден құралды. Ал ауылға сырттан келген «келіндер» (әжелер, апалар – олар да бұрынғы келіндер) міндетті түрде кимешек киіп бүркеніп жүрді. Тіпті қазақтардың ешқайсысы жалаңбас жүрмеген (тіпті ер кісілер де)", - деп алға тартты автор.

"Қазіргі қыздарымыздың жартылай жалаңаш киімі жазушы ағамыздың жанын ауыртпайды да, хижаб киіп алса, ауыртады екен. Қызық емес пе?! Неге біздің зиялылар қыздар «шешінеміз» десе, үндемейді де, «киінеміз» десе баж ете қалады?", - деп назын білдірді Жұмағали.

Ол қазіргі бойжеткендер кеудесін ашып жүретініне қапалы екенін жасырмады.

"Қыздарымыздың омырауларының үштен екісі ашық, әдейі көздеп көрейін демесең де, «мені көр» деп, бұлқынып тұрады. Жамбасының сызығы жыл өткен сайын сантиметрлеп өсіп келеді. Шашты жайып жүру мода. Баяғыда әжелеріміз шашын жайып жүрген қыздарды көргенде: «Ойбай, байың өлді ме, мынауың не?» деп ұрсушы еді", - деп жалғасырды Жұмағали.

Ол бұл жағдайды шешуге қатысты өз ұсыныстарын да келтірген екен.

"Кейбір шариғат үкімдерінің бұзылмауына керек болса заңмен тиым салу қажет. Құқықтануда «қоғамдық тәртіпті бұзу» деген кең ауқымды түсінік бар. Міне осымен әкімшілік құқық арқылы квалификациялауға болады", - дейді автор.

Жұмағали "хижабын киіп, иманын сақтап жүрген мұсылман қыздарға қоқаңдағанша, кришнаның киімін киіп, бет ауыздарын бояп алғандарға, ұятты жерлерін көрсетіп жүргендерге, өгіздің тұмсығындай етіп тұмсығын тесіп, шығыршық салып қойған қыздарға тосқауыл қою керек" деп санайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/865922-qazaqstanda-ashyq-shashyq-kiinetin-boyzh/

pixel