RU

Қазақстандағы әкімдер базарларды қалай аралады? (фото)

Өткен демалыс күндері еліміздегі қала және облыс әкімдері жергілікті базарлар мен супермаркеттерді аралап шықты. Олар тауарларға қойылған бағалардың шарықтамауын қадағалау мақсатында тексеріс жүргізген.

Бұл туралы «Время» басылымына сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Алматының жаңа әкімі Бауыржан Байбектің тексеріс жүргізуіне Көк базар әкімшілігі алдын ала дайындалған: аймақты тазалап, стихиялық садуа нүктелерін алып тастаған. Тіпті қайыр сұрап жүргендерді де қуып жіберген.

Сатушылар қала басшысына бағаларды көтермейтінін айтып сендірді.  Мәселен, қызанақ бұл жерде 150 теңге, ал қырыққабат 70-80 теңгеден сатылуда.

Әкімнің орынбасары Ерлан Әукеновтің айтуынша, супермаркеттерде азық-түлік әлдеқайда арзан. Себебі, ірі дүкендерде өз құнына 3-7% үстеме қойылса, базарда ол 15-20%-ға жетеді екен.

Кеңсе жабдықтарын сатушылар да Байбекке бағаны көтермеуге уәде берді. Әкім «Сары-Арқа» базарын аралап шықты. Ол жердің сатушылары да бағаны көтермейтіндеріне сендірді.

Ал дәріханалар болса, қала басшысына дәрі-дәрмек құны жоғарылайтынын ашық айтты: дәрілердің дені импорттық болғандықтан, олардың құны көтерілетіні анық болып шықты.

Дегенмен фармқауымдастық өкілдері 200 түрлі медициналық заттарға қол қойылған меморандум аясында дәрі-дәрмек құнын жылдың аяғына дейін өзгеріссіз сақтауға тырысатындарын жеткізді.

Алайда әкім рейдінен кейін журналистер Көк базарды қайта аралап шыққанда, бағалар өзгеріп кеткенін байқаған. Қиярлар 150 емес, 200 теңге, ал қызанақ құны 250 теңге болып көтерілген. Өз бағасын сақтап қалған тек қырыққабат, картоп және пияз болып шықты.

Аймақтық әкімдер де өз аймағындағы базарларды аралап шықты.

Мәселен, Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың базарлар мен супермаркеттерге рейді барысында ірі гипермаркет Greenwich өз сөрелерінің бірнешеуін ауылшаруашылық өндірушілерге жеміс-жидек сатуы үшін бөліп беруге уәде етті.

Бозымбаев облыста шай мен жергілікті Қызылжар құс фабрикасының өнімдері тапшы екенін байқаған. Сонымен қатар қарбыз бағасы қымбаттағанын анықтап, оның құны жақын арада түсетініне сендірді.

Ал Қарағанды облысында облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековке ақпарды тікелей жеткізетін бағаларды бақылау мониторингісіне арналған арнайы штаб құрған.

Шымкент қаласының басшысы Ғабидулла Әбдірахимов те жергілікті базарларды аралап, разы болды: азық-түлікке баға көтерілмеген. Алайда мектеп формасы екі есе қымбаттаған.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев сауда үйлерін өзі аралап, бағаларын салыстырып шықты. Облыс орталығында бағаны қадағалайтын арнайы штаб құрылды.

«Штаб 33 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын қадағалап отыр. Олар үшін шекті рұқсат етілетін баға белгіленіп, одан асыруға тыйым салынды», – дейді Көшербаев.

Оның айтуынша, аймақтағы баға тұрақты өзгеріссіз сақталуда.

Еске салсақ, бұған дейін Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков азық-түлік бағасын орынсыз өсірудің алдын алу мақсатында арнайы жедел штаб құруды бұйырған болатын.

Сол арада, Өскеменде қант сатылымына шектеу қойылғаны белгілі болды. Мұндай шектеуді валюта бағамының өзгерістерін пайдаланып, табысқа кенелгісі келетін алыпсатарлардың жолын кесу үшін қойған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/866018-qazaqstandyq-akimder-bazarlardy-qal.html