RU

«Қазақ әдебиетi» мен «Қазақстан тарихы» пәндерi бүкiл мектептерде қазақ тiлiнде оқытылады

Бүгiн, 25 тамызда республикалық бiлiм жүйесi қызметкерлерiнiң тамыз кеңесi барысында Бiлiм және ғылым министрi Аслан Сәрiнжiпов бүкiл мектептерде "Қазақ әдебиетi" мен "Қазақстан тарихы" пәндерiн қазақ тiлiнде оқыту керектiгiн айтты.

"Мектептерде үш тiлде оқыту моделі енгізіледі. Жоғары сыныптарда және жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшу міндеті қойылып отыр. Бұл ретте мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгеру міндетінің басымдығын ұмытпауымыз қажет. "Қазақ әдебиеті" пәніне қоса, "Қазақстан тарихы", "География" пәндерін бүкіл мектептерде қазақ тілінде оқыту ұсынылып отыр", - дейдi Сәрінжіпов.

Оның айтуынша, 2013 жылдан бастап елiмiзде ағылшын 1-сыныптың бағдарламасына енгiзiлген, сондықтан, осы жұмысты аясында жоғары сынып сабақтарын ағылшын тiлiнде өткiзу көзделуде.

"Осы жұмыстың аясында сыныптан тыс шаралар мен ағылшын тілінде бірқатар курстар өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, жазғы тіл тоқсанын ұйымдастыру көзделген, бұған педагогикалық жоғары оқу орындарының 3-4 курс студенттері тартылады. Сөйтіп, жоғары сыныптарда информатика, физика, химия және биология пәндері ағылшын тілінде оқытылатын болады", - деді ол.

Сонымен бірге министр 2015-2016 оқу жылдарында iлкi жоба ретiнде бiрқатар мектептерде 1-сынып оқушылары үшiн аптасына бес күндiк оқу бағдарламасы енгiзiлетінін де атап өтті.

"Биыл iлкi жоба ретiнде бiрқатар мектептерде бiрiншi сынып оқушылары үшiн бес күндiк оқу бағдарламасы енгiзiледi. Тиiстi ұсыныстарды мектептерге жiбердiк. Сонымен қатар,  республикамыздың екi қаласында  мектептердегi жан басына қаржыландыру  тәсiлi жалғасады", - деп мәлiм еттi министр.

Оның айтуынша, Қарағанды мен Түркістан қалаларының 63 мектебінде 10-11 сыныптарда жан басына қаржыландыру тәсiлi сынақтан өтiп жатыр.

"Бұл тәжiрибе оқушыларының саны көп мектептерге тиiсiнше көп  қаржы бөлуге мүмкiндiк бередi", - деп түсiндiрдi Сәрiнжiпов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/866087-sarinzhipov-qazaq-adebieti-men-qazaqs.html