RU

Лидо АҚШ-тағы перзентхалардың артықшылығын айтып берді

Таяуда белгілі әнші Лидо Лос-Анжелесте өзінің үшінші сәбиін дүниеге әкелген болатын. Ол ұлды болғанын айтып Instagram арқылы көпшіліктен сүйінші сұрады.

Бұл туралы Алаш айнасы хабарлайды.

Лидоның әлеуметтік желідегі оқырмандары бұл қуанышты жаңалықтан кейін Лидодан АҚШ-тағы перзентханалардың біздің елдегіден айырмашылығы қандай, шетелде жүкті әйелге қандай жағдай жасалғандығын, қанша қаражат жұмсалғанын білгілері келіп, жан-жақтан түрлі сұрақтар жаудырған болатын.

Әнші АҚШ пен Қазақстанды салыстыруға келмейтінін айта келіп, "Америка жүздеген жылдар бойы дамып келе жатыр, ал Қазақстан өте жас мемлекет. Екі елдің таным-түсініктері де, заңдары да басқа, олардың тәрбиеге, медицинаға деген көзқарастары да әртүрлі", - деді.

"АҚШ-та жүктілік кезінде бастан-аяқ бір дәрігердің бақылауында болдым және сол дәрігер босандырды. Ол жақта бір дәрігер бірнеше клиникада келісімшарт арқылы жұмыс істей береді. Менің дәрігерім өзі жұмыс істейтін екі медициналық орталықты айтты. Мен өзімнің үйіме жақынын таңдап алдым. Медицина орталығына әдеттегідей толғатқан кезде барады немесе алдын ала жоспарлаған күні баруға болады. Босандыратын дәрігердің ақысы алдын ала төленеді. Ал перзентханада жату үшін төленетін ақы бөлек. Егер жас босанған әйелдің жағдайы жақсы болса, 1-2 күнде үйге шығарады, қосымша жататын күндерге бөлек ақы төленеді", -  дейді Лидо.

"Қазір балам екеуміздің жағдайымыз жақсы, үйге шықтық. Босанған уақытта үнемі медбике жанымда болды. Палатада ана мен балаға барынша жағдай жасалған. Дәрігер де дер кезінде келеді. Бас-аяғы 1,5 сағаттың ішінде  босандырып алды", - дейді әнші.

Қазақ шоу-бизнесінің жұлдызы АҚШ-та сәбиін дүниеге әкелу үшін аз ақша жұмсамағаны белгілі. Дегенмен әнші нақты қанша қаражат кеткенін айтпады. Ол алдыңғы балаларын Қазақстанда босанғанын айтып, Алматы перзентханасында да қолдары алтын дәрігерлердің бар екенін де айта кетті. Алайда әншінің сөзінен байқағанымыз, АҚШ секілді дамыған мемлекет деңгейіне жету үшін 50-100 жылдай уақыт керек екен.

Лидоның әлеуметтік желідегі оқырмандары әншіні қуанышымен құттықтап, "бауы берік болсын" айтысып жатыр. Оқырмандардың арасында әр қазақтың баласының кіндік қаны өз туған жерінде тамуы керек деп пікір білдіріп жатқандары да жоқ емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/866493-lido-aqsh-taghy-perzentkhalardynh-artyqsh.html