RU

Алматыда "Қолжетімді баспанаға" құжат қабылдау басталды

«Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында биыл Алматыда тағы 275 пәтер беріледі. Қазір қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасында үй кезегінде тұрған азаматтардан құжаттар қабылдануда.

Гаухар Хауазова қала мектептерінің бірінде мұғалім болып қызмет етеді. Үш баланы оқытып-тоқытқан ана бүгінге дейін пәтер жалдап өмір сүріп келген. Баспанаға мұқтаж жан ретінде кезекке тұрғанына бес жылдан асыпты. Енді міне сатып алу құқығымен жалға берілетін пәтерлердің бірін иеленсем деп армандайды.

«Банктен алған кезде адам оны екі-үш есе қайтаруы мүмкін. Ол банктердің пайызына байланысты. Мына жерде ол өте тиімді. Бұл қарапайым халыққа, біз сияқты қарапайым мұғалімдерге тиімді деп ойлаймын»,- деді Алматы қаласының тұрғыны Гаухар Хауазова.

Биыл «Өңірлерді дамыту -2020» бағдарламасы бойынша Алматыда тағы 275 пәтер беріледі. Қазір қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы баспана кезегінде тұрған азаматтардан құжат қабылдай бастады. Үш күн бойы, яғни тамыздың 24-і мен 26-сы аралығында бірінші санатқа жататын жандар пәтер алуға өтініш бере алады.

Бұл топқа көп балалы отбасы, жалғыз басты ана, жетімдер мен мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы, мемлекеттік, бюджеттік қызметкерлер жатады. Сондай-ақ жаңа баспанаға үміткер өзге азаматтарға келсек, онда жас мөлшері 35-тен аспауы тиіс, кезекте тұруы шарт және үш жыл тұрмыста болып, кем дегенде бір баласы болуы қажет.

«Үйлер дайын. Қалай тізім пайда болады, біз ол кісілерді қолдарына жолдама беріп, Ипотекалық компанияға жібереміз. Ол жақта төлем қабілетін қарайды. Төлей алатын болса, қолдарына қағаз береді. Оны бізге алып келген соң, біз үй бөлеміз»,- деді Алматы қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бас маманы Әзiрет Есеев.

Жаңа пәтерлер «Ақкент» тұрғын үй кешенінен беріледі. Бағдарламаны Қазақстан ипотекалық компаниясы жүзеге асыруда. Онда 1 бөлмелі -21, екі бөлмелі - 149, үш бөлмелі - 103 пәтер өз иелерін күтуде.

Баспаналар сатып алу құқығымен 20 жылға жалға беріледі, оны 5 жылдан кейін сатып алуға мүмкіндік бар. Бұл үйлердің 1 шаршы метрі 1120 теңге, ал 5 жылда сатып алам деушілерге 200 мың теңгеден есептеледі.

Айта кетейік, жыл басынан бастап, Қазақстан ипотекалық компаниясы бағыты бойынша Қарасай ауданынан 708 пәтер берілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/866590-almatyda-qolzhetimdi-baspanagha-quzhat.html