RU

Шымкентте мұғалімдер мектеп директорына қарсы көтеріліске шықты

Шымкентте нөмірі 78-ші мектептің мұғалімдері директорға қарсы көтеріліске шықты. Тіпті, өз-өздеріне қол жұмсауға дайын ұстаздар басшыларының кетуін талап етеді.

Айғай шу сыбайлас жемқорлық әрекеті бар деген күдікпен былтыр жұмыстан босатылған 78-ші мектеп директорын қалалық білім бөлімі қызметіне қайта отырғызғаннан басталыпты.

24 мұғалімнің шағымы негізінде мектеп директорына жүргізілген былтырғы прокурорлық тексеру нәтижесі Стамбұлға жиі ұшатын директордың әрекетінде "Сыбайлас жемқорлықтың белгісін" анықтап, ақыры басшыны орнынан алып тынған болатын.

Алайда, араға сегіз ай салып, облыстық соттың шешімімен Жеңіскүл Әшімханқызы директордың орынтағына қайта жайғасты. Өзін сол басшыдан жәбір көргендер қатарында санайтын бағбаншы Аягүл Қалменова жалақыға қатысты әділетсіздік көп болатын еді дейді.

"Дала сыпырушының айлығын басқа адам алады. Ал біз осы жердегі техничкалар, кіші қызметкерлер даланы сыпырамыз, ақшасын алмаймыз. Біз ақша алмасақ не үшін сыпырдық?", - дейді  № 78 жалпы орта мектебінің қызметкері Аягүл Қалменова.

Жиналған жиырмаға жуық ұстаз бен он-он бес ата-ананың басым көпшілігі "ескі де жаңа" басшының дөрекілігін жиі айтып қалып жатты. Директордың "кәсіподақ ұйымы жұмысын басқаға өткіз" дегеніне көндікпеген кітапханашы Сиязова да қатты қудалауға түскенін, тіпті "қоймада шыққан өртке кінәлісің" деген басшы мектеп ішінде өзін арлы-берлі сүйрелегенін де жеткізді.

"Сол қойманы сен өртедің деп мені ана кабинеттен мына кабинетке дейін желкелеп, солай мойындаңыз, жазып беріңіз деп артымнан қалмады. Мінекей, осындай өрескел қылықтары бар", - дейді кітапхана меңгерушісі Шолпан Сиязова.

Балаларымыз осында оқиды, соларға алаңдаймыз деп жиналған ата-аналар да білім ордасының басшысына қатысты пікірлерін жеткізді.

Ал директор Жеңіскүл Оспанова болса, өзінің қайта келгеніне 80 мұғалімнің 20-нан басқасы қуанғанын, оншақты ата-анадан басқасы қолдау білдіретінін айтады. Жұмысты жандандыруға келдім деген басшы өзінің тарапынан кемшіліктер болғанын да жасырмады. Одан өзіне сабақ алғанын, алдағы уақытта дұрыс қорытынды жасайтынын айтып ақталды.

"Өзімде де кемшілік болған шығар. Ойландым. Мен енді бұдан кейін мұндай кемшіліктер істемеймін", - дейді

№ 78 мектеп директоры Жеңіскүл Оспанова.

Негізінде, сот шешімінде "жазаны теріс қылық жасаған күннен бастап бір жыл ішінде қолдану қажет еді" делінген. Тек қана сол себепті Оспановаға берілген тәртіптік әрекет заңсыз болып шыға келген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/866881-shymkentte-mughalimder-mektep-direkto.html