RU

«Көне Тараздың» құпиясы сол күйі ашылмайтын тәрізді

«Көне Тараздың» құпиясы сол күйі ашылмайтын тәрізді. Себебі қазба жұмыстары жүргізілген аумақ қайтадан жермен-жексен сүрілген. Ал орнына су жаңа нысандар тұрғызылуда деп хабарлайды КТК арнасы.

Қоғамдық ұйым белсендісі археологиялық зерттеуді толық жүргізбей жатып биліктің бұл шығарған шешімін ақылға қонымсыз дейді. Оның айтуынша, тіпті кейбір құнды жәдігерлер топырақ астына көміліп қалған. Ал шенеуніктер табылған заттардың «көк тиын құны жоқ», сол үшін зәулім ғимараттар салуды ұйғардық деп отыр.

Археологтар қаладан он тоғызыншы ғасырға тиесілі екінші «Рабад» яки, сол заманда жұрт қоныстанған орын мен су сақтау қоймасы, сондай -ақ, көне тиындар мен түрлі бұйым сынықтарын олжалаған. Алайда сол жәдігерлер шыққан төңірек қазір жермен-жексен болды.

"Сонда мемлекет тарапынан ақша бөлінеді, оған қазба жұмыстары жасалады. Сол қазба жұмыстары жасалып болған соң, келесі жылы табылған заттарды қиратып тастайды да, жаңа ғимарат салады. Осы дұрыс па?", - дейді «Шаңырақ» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Қанатов.

Былтыр да орталық базар астынан табылған тарихи құндылықтар төңірегінде дау туған. Дер кезінде консервация жұмыстары жүргізілмей, қазба байлықтары қардың астында қалған. Ал биыл археологтар мәдени-мұраны жауын-шашыннан қорғау үшін бас қатырмайды.

Себебі зерттеліп жатқан орын топырақ астында қалды.  Шенеуніктер осы төңіректегі қазба жұмысын тоқтату себебін, жер асты суының көтерілуімен түсіндірді. Көл көсір су зерттеу ісіне кедергі келтіріпті. Оның үстіне табылған жәдігерлердің де «көк тиын құны жоқ» дейді. Дегенмен мұртын бұзбай мұражайға сақтап қойған.

«Көк базар» саудагерлерін атқарушы билік тас қатырған сыңайлы.  Ашық аспан астындағы мұражай салу үшін кәсіпкерлерді түгел қуып шыққан еді. Енді келіп, Достық үйін тұрғызып жатыр. Айта кетейік, бұл нысан қазақ қандығының 550 жылдығына орай бой көтеруде. Бірақ шенеуніктер тарихи датаны ұлықтау үшін, тарихқа қиянат жасаған тәрізді. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/868682-kone-tarazdynh-qupiyasy-sol-kuyi-ashyl.html