RU

Назарбаев қазақтың ұлт ретінде аспаннан салбырап түспегені туралы айтты

Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау арқылы қазақтың халық, ұлт ретінде аспаннан салбырап түспегенін бүкіл әлемге паш етіп отырмыз.

Бұл туралы «Конституция: бірлік, тұрақтылық, өркендеу» тақырыбын арқау еткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Ең бастысы, өшіп бара жатқан қазақтың тілін, тарихы мен мәдениетін өркендетіп, өрісін кеңейттік. Мектептердің көпшілігінде, жоғары оқу орындарында сабақтар қазақ тілінде өтетін болды. Қазақ тілінде басылымдар, кітаптар шығарып, жер шарын түгел аралап, жинап, тарихымызды орнына келтіруге мүмкіншілік алдық. Өз тілімізді, дінімізді, ділімізді өркендете отырып, біз басқаларды кемітпедік, басқаларды төмендетпедік, қатар ұстап, олардың да құқықтарын сыйладық. Міне, біздің бірлігіміз, біздің тыныштығымыздың арқауы осы», - дейді елбасы.

«Менің білуімше, біз «Ұлы дала елі» деп саналуымыз керек. Кейбіреулер «аспан асты еліміз» дейді, кейбіреулер «күншығыс еліміз», дейді. Біз ұлы даланың ұрпағымыз. Осы даланы біздің ата-бабамыз сақтап, қан төгіп, тер төгіп ұстап қалған. Қазақстан мен «Ұлы дала елі» екеуі қатар жүрсе, дұрыс болады деп ойлаймын», - деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, қазақ мәдениеті мен тарихы еліміздегі барша ұлыстардың рухани ұйытқысына айналды, атап өткелі отырған Қазақ хандығының 550 жылдығы осының айқын көрінісі.

«Тіл, тарих және мәдениеттің үндесуі біздің мызғымас рухани тірлігіміздің, ел бірлігінің негізі болғанын бәріміз көріп отырмыз. Қазақтың халық ретінде, ұлт ретінде кеше аспаннан салбырап түспегенін, ата-бабаларымыздың ұлы тарихы бар екенін алдымен ұрпағымызға, одан кейін бүкіл әлемге паш етіп отырмыз», - деді Назарбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/870540-nazarbaev-qazaqtynh-ult-retinde-aspan.html