Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда осы аптадағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Опубликовано:

Осы аптада Қазақстанның орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық тағайындау орын алды. Мұнан бөлек, екі партияның саяси көшбасшылары ауысты.

Президенттің көмекшісі

Сонымен Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен Президент әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі Данияр Ақышевқа президенттің көмекшісі міндетін уақытша атқару жүктелді.

Ол 1976 жылы туған. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Ұлттық банктің зерттеу және статистика департаментінде қаржы институттары мен нарықтарды зерттеу бөлімінің бастығы, аталмыш департаменттің басқарма бастығы және директорының орынбасары, директоры, Ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы

Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен Замир Сағынов Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды.

Сағынов 1966 жылы 18 қазанда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Өскемен құрылыс-жол институтын «Автомобиль жолдары» мамандығы бойынша тәмамдаған, инженер-құрылысшы.

1991 -1998 жылдар аралығында Фурманов аудандық автожол мекемесінде жол мастері, прораб, облыстық "Орал жолдары" қазынашылық кәсіпорынының бас инженері, жол қауіпсіздік байланыс және жол қорғау бөлімінің бас маманы болып қызмет еткен.

1999-2006 жылдар аралығында Батыс-Қазақстан облыстық "Қазақавтожол" РМҚК пайдалану жөніндегі директор орынбасарының міндетін атқарушы, Батыс Қазақстан облыстық Автомобиль жолдары басқармасының бастығы, Казталов ауданының әкімі қызметін атқарған.

2006 жылдың наурыз айында Көлік және коммуникация министрлігі Көлік инфрақұрылымын дамыту комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне, 2008 жылдың қаңтар айында аталмыш комитеттің төрағасы лауазымына тағайындалды.

2007-2014 жылдары Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 2014 жылдың наурыз айынан тамыз айына дейін аталмыш министрліктің жауапты хатшысы болды.

Құқық қорғау органдары академиясының ректоры

Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен Ұлан Байжанов Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры қызметіне тағайындалды.

Байжанов әр жылдары мемлекеттік органдарда және ұлттық компанияларда басшылық қызметтерде жұмыс жасады.

Атап айтқанда, Алматы қалалық атқару комитетінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі, Алматы қаласы әділет басқармасының бастығы,  Мемлекеттік кірістер вице-министрі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ вице-президенті, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директоры, Бас прокурор Аппаратының басшысы қызметтерін атқарды.

Ақтөбе облысы әкім аппаратының жаңа басшысы

Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың бұйрығымен облыс әкімі аппаратының жаңа басшысы болып Мәди Елеусізов тағайындалды.

Мәди Елеусізов 1976 жылы дүниеге келген. Ақтөбедегі  Жұбанов атындағы университетті экономист мамандығы бойынша және Ресей кеден академиясын заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1997 жылы Шалқар қаласындағы «Южбозой» АҚ-да экономист ретінде бастаған. Ақтөбе облысы бойынша кедендік бақылау басқармасында түрлі қызметтер атқарды.

Кейінірек Ақтөбе облысындағы Қобда ауданы әкімінің орынбасары, Ақтөбе облысы әкімінің аппарат басшысының орынбасары болып жұмыс істеген.

2010-2015 жылдары Ақтөбе облысына қарасты Мәртөк ауданының әкімі болып қызмет атқарған. 2015 жылдың ақпан айынан бастап «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Президент әкімшілігі

Ақтөбе облысы әкімі аппаратының бұрынғы басшысы Константин Петров Президент әкімшілігіне жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды.

Қостанай қаласы әкімінің орынбасары

Қостанай қаласы әкімінің орынбасары болып, Рустем Қаркенов тағайындалды. Енді ол әлеуметтік салаға жетекшілік ететін болады.

Қаркенов 1980 жылы Қостанай қаласында дүниеге келген. Мамандығы заңгер. 2003 жылдан бері мемлекеттік қызметші. Лауазымды қызметке тағайындалғанға дейін қала әкімі аппаратының жетекшісі болған.

Қостанай облысы Қорғаныс істері департаментінің басшысы

Қорғаныс министрінің бұйрығымен Қостанай облысы Қорғаныс істері департаментінің басшысы болып Сергей Кузнецов тағайындалды.

Сергей Кузнецов 44 жаста, ол Алматы облысының тумасы. Еңбек жолын 1997 жылы Қарулы күштер Әскери академиясының жалпы әскери факультеті курсанттары рота взводының командирі болып бастады.

Соңғы үш жылда ол Қарулы күштер ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің жинақтау басқармасы әскери қызметшілерді есепке алу, мерзімді қызметке және әскерден тыс жұмыстарға шақырту бөлімінің бастығы лауазымын атқарды.

Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары

Асылбек Шәменов Қызылорда қаласы әкімі орынбасары қызметіне тағайындалды.

Ол 1978 жылы 8 шілдеде Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген. 1999 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «халықаралық туризм»,  Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін 2004 жылы «мұнай және газ кеніштерін игеру» және 2014 жылы «техника және технология» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1999 жылы «Қызылорда интеграция» ЖШС-інде менеджер қызметінен бастап, түрлі қызметттерде болды. 2012-2015 жылдары Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.

«Ауыл» партиясының жаңа басшысы

«Ауыл» қазақстандық социал-демократиялық партиясының жаңа басшысы болып Әли Бектаев сайланды. Ол парламент сенатының депутаты және өз уақытында «Ауыл» ҚСДП құрылған кезеңнен бастап ОҚО-дағы партия филиалын алғаш болып басқарды.

Астанада өткен саяси ұйымның кезектен тыс сессиясының қорытындысы бойынша Ғани Қасымов Патриоттар партиясының төрағасы қызметінен кетті.

Патриоттар партиясының төрағасы

Партиялық жиын делегаттары дауыс беру арқылы жаңа төрағаны сайлады. Бұл қызметке Толымбек Ғабділәшімов лайық деп табылды.

Патриоттар партиясының  жаңа басшысы белсенді қоғам қайраткері, бірнеше рет парламент мәжілісі депутаттығына үміткер ретінде ұсынылған, сондай-ақ мемлекеттік органдарда жауапты қызметтерді атқарды.

«Жас Отан» Жастар қанатының төрағалығы

«Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағалығына Шахмардан Байманов сайланды.

Шахмардан Байманов Қорқыт ата атындағы университетті «Қаржы және қаржылық құқық» мамандығы бойынша бітірген, сондай-ақ Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясат ұлттық мектебін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2005 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ректорының жастар ісі жөніндегі көмекшісі қызметінен бастаған. 2007-2008 жылдары Қызылорда облысы «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» қауымдастығының атқарушы директоры болып жұмыс істеді.

2007 жылдан 2011 жылға дейін «Қазақстан жастарының конгресі» ЗТБ-да атқарушы директор орынбасары және атқарушы директор лауазымында еңбек етті. Бүгінгі қызметке тағайындалғанға дейін Ақмола облысы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/871862-qazaqstanda-osy-aptadaghy-zhanha-kadrly-2/

pixel