RU

Айдын Айымбетов: Мен міндетімді абыроймен атқарып шығуға дайынмын

Байқоңыр ғарыш айлағына кештете жеткен Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев бастаған Қазғарыш делегациясы ғарышкер Айдын Айымбетовпен кездесті.

Делегация құрамында Қазғарыш төрағасы орынбасарлары Ерғазы Нұрғалиев пен Еркін Шаймағамбетов, Қазақстанның ғарыш саласының мамандары болды.

Талғат Мұсабаев ресейлік Гагарин атындағы ғарышкерлерді даярлау орталығының басшылығына қазақ ғарышкерімен жүздесуге мүмкіндік бергендері үшін алғысын жеткізді. Кездесу «Космонавт» қонақүйінің конференция залында өтті.

Қазғарыш басшысы ұшу алдындағы әзірлік барысы, ғарышкердің қалауы туралы сұрап, бұл ұшудың қазақстандық ғарыш саласының дамуына өз үлесін қосатынын атап өтті.

Айдын Айымбетов өзінің президенпен телефон арқылы сөйлескені туралы айтып берді.

«Мемлекет басшысы бүкіл қазақ халқының атынан маған табысты ұшу тіледі, мен бұл міндетті абыроймен атқарып шығуға әзірмін»,- деді ғарышкер.

Ұшу алдында өзін қалай сезінетіні туралы сауалға Айдын «мұны түсіндіру мүмкін емес, оны тек Талғат Амангелдіұлы ұғына алады» деп жауап берді.

«Қазір мен ғарышта үш рет болған және ашық космоста болуы бойынша Гиннесстің рекордтар кітабына енген Талғат Мұсабаевтың ерлігін шынайы бағалаймын», - деді Айымбетов.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ президентінің міндетін атқарушы Марат Нұрғожин Айымбетовке компания мамандарының Байқоңырдан «Союз ТМА-18М» ғарыш кораблінің ұшырылуына қазақстандық Жерді қашықтықтан зондтау жерсеріктерінің көмегімен монторинг жүргізетінін жеткізді.

Қазақстандық делегация Айдын Айымбетовке сәтті ұшу мен Жерге аман-есен оралуын тіледі. Кездесу соңында Талғат Мұсабаев Айдынға сарқыт ретінде қазақтың ұлттық тағамы - құртты ұсынды.

Мұсабаев өзінің ақыл-кеңестерін Айымбетовке жеке кездесуі барысында айтты.

«Космонавт» қонақүй кешенінің аллеясында Қазғарыш делегациясы экипаж командирі Сергей Волковтың әкесі - белгілі кеңестік және ресейлік ғарышкер Александр Волков пен Айдын Айымбетовтың жұбайы Лилияны, оның ұлы Әмір мен қызы Диананы қарсы алды.

1 қыркүйек күні жергілікті уақыт бойынша сағат 10.00-де ұшуға дейін бір тәулік қалғанда мемлекеттік комиссия ұшыру туралы түйінді шешім қабылдайды. Негізгі экипаж құрамында командир Сергей Волков, бортинженер, қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов және бірінші дат астронавты Андреас Могенсен бар.

ХҒС аттанатын экспедициясымен «Союз ТМА-18М» басқарылатын кораблін ұшыру 2 қыркүйекте Байқоңыр ғарыш айлағының Гагарин алаңынан Астана уақыты бойынша сағат 10.37-де жоспарланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/872969-aydyn-ayymbetov-men-mindetimdi-abyro.html