RU

Арменияда тек ұл сүйгісі келетіндер қыз баланы құрсақтан алдыртып жатыр

Тек ұл бала сүйгісі келетін армениялық ата-аналар дүние есігін ашып үлгермеген шақалақ қызды құрсақтан алдырып тастаумен келеді.

Соның салдарынан елде демографиялық өсім баяулап, нәзік жандардың туу көрсеткіші ондаған жылдар бойы қалыпты деңгейге көтеріле алмай келеді. Осыған орай, құзырлы министрлік «Репродуктивті денсаулық пен құқық туралы» заң жобасын әзірлеп отыр.

Болашақ баланың барын көрсетіп қоймай, оның жынысын «сүйіншілейтін» ультрадыбыстық зерттеулер көптеген армян отбасына суыт хабар жеткізуші іспетті. Себебі ұл қалайтындардың көбі тілегені келмесе, ұрпағын өлімге тіге салады.

Тамшыдан жаралып, тамырдан кесілген шақалақтардың нақты саны қазір белгісіз. Анығы түсіктен еті тітіркенбесе де, шартты түрдегі «қылмысын» ашық айтуға беті бармайтындардың қарасы қалың. Ал мәселені нысанаға алған мамандардың бүгінгі зерттеулері, тіпті, жаға ұстатарлық.

"Біздің зерттеулерімізге сәйкес, егер 2060 жылға дейін жағдай өзгермесе, Арменияда 100 мыңға жуық шақалақ қыз түсіктің құрбанына айналады, яғни болашақ аналардың саны едәуір кемиді", - дейді  БҰҰ халық санағы қорының атқарушы өкілі Гарик Айрапетян.

Дүйім елді алаңдатқан мәселемен таяуда денсаулық сақтау министрлігі де мықтап айналыса бастады. Мамыр-маусым айларында арнайы заң жобасын әзірлеп, ұлттық жиынның қарауына жіберген.

БҰҰ-ның Армения бойынша жүргізген статистикасына сәйкес, туу деңгейінің тепе-теңдігі ең қатты бұзылған көрсеткіш 2000 жылы тіркеліп, алшақтық 20 пайызды құраған. Былтырғы ахуал да көңіл көншітпейді.

Орташа есеппен 114 ұлға 100 қыздан келіп, қалыпты деңгейден 2,5 есеге артық ауытқу байқалыпты. Үш миллионнан асар-аспас халқы бар мемлекет үшін айтулы заң жобасы ауадай қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/873021-armeniyada-tek-er-bala-suygisi-keletin.html