RU

Дін басылар несиесі бар адамдарды қажылыққа аттануға асықпауды шақырды

Дін басылар несиесі бар адамдарды қажылыққа асықпауды шақырды. Алматыда Әл-Мәдина мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылы қажылыққа баруға ниет еткен азаматтарға өткізген семинарында бес парыздың бірі болып саналатын қажылықтың қыр-сырын түсіндірді.

Фото muftyat.kz сайтынан алынды

NUR.KZ порталының тілшісі де семинарға қатысып, қажы атанамын деушілер үлкен, ұлы сапарға қалай дайындалуы керек екендігін біліп қайтты.

Дін басыларының айтуынша, қажылыққа иманға келген, рухани дайындығы зор адамдар аттануы тиіс. Сонымен қатар оған әл-ауқаты жетуі тиіс. Мәселен, несиесі бола тұра, қажылыққа аттанамын деу дұрыс емес деді ҚМДБ қажылық миссиясының төрағасы, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз.

Сонымен қатар NUR.KZ тілшісі Серікбай қажыға жуырда орын алған девальвацияның қажылық сапарға аттанамын деушілердің санына әсері қандай деген сауал қойды.

Наиб мүфтидің айтуынша, бұл оқиғадан кейін 5-6 күн халық есеңгіреп қалған, алайда қазір қайтадан құжаттарын әкеліп жатыр. Оның сыртында қажылық сапарды ұйымдастыруды мойнына алған 20 туристік компания ниет етушелірге қолдан келгенше жеңілдік жасап жатқан көрінеді.

Семинар барысында ниет етушілерге қажылық рәсімі мен Алланың үйін зиярат етудің тәртібі, рухани сапардың маңыздылығы мен сауабы туралы толық мағлұматтар беріліп, дайындық сабақтары жүргізілді.

Бұл игі іске ҚМДБ қажылық миссиясының төрағасы, наиб мүфти Серікбай қажы Ораздан басқа, Алматы Орталық мешітінің бас имамы Нұрбек Есмағанбет, Қазақстан қажылар қауымдастығы діни бірлестігінің төрағасы Еркінбай Дуанаев, ҚМДБ қажылық бөлімінің меңгерушісі Қанат Бекжанов және қала имамдары қатысты.

"Аллаға шүкір, жыл сайын елімізден қажыға баратындардың саны көбейіп келеді. Әсіресе, соңғы жылдары бесінші парызын өтеуге ден қойғандардың қатары көбейе түскені байқалады. Осындай мүмкіндіктер берген еліміздің тәуелсіздігіне шүкіршілік етеміз. Тәуелсіздігімізді жаңа алған жылдары қажылыққа тек 200-300 адам аттанатын. Аллаға шүкір, былтыр Қазақстаннан қасиетті сапарға 5000 мыңдай адам аттанса, биыл 4500-ға жуық адам парызын өтемек. Көрші елдерде әлі де мұндай мәселе бар. Бізде айналдырған 17 млн халық бар. Ол деген бір ірі мегаполистің тұрғыны. 100-150 млн мұсылман тұратын елдердің өзінде адамдар жылдап кезекке тұрады. Оңайлықпен қажылық парызын өтей алмайды. Ал бізде бұл үшін барлық жағдай жасалған", - деді наиб мүфти Серікбай қажы Ораз.

Бұған дейін қасиетті екі қалаға барып, қажылық парызын өтеп келген азаматтардың айтуынша, Кеңес үкіметі кезінде бүкіл одақтан тек бір ғана адам Меккеге аттанатын. Оның өзінде оны 10 күн бойы Мәскеуде КГБ (Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) тексереді. "80-нен асқан үлкен ақсақалымыз Мәскеуге екі рет барып, қажылыққа жете алмай, жылап қайтқан еді елімізге". - дейді  дін жолында жүрген азаматтарға деген аласапыран заманның қатынасына куә болғандар.

"Сонымен қатар, биыл қажылыққа баруға ниет еткен жандарға үлкен мүмкіндіктер жасалып отыр, - деп жалғастырды сөзін Серікбай қажы Ораз.  - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Сауд Аравия Корольдігі қол жеткізген ортақ келісімінің нәтижесінде тікелей рейс ашылып, қазақстандық қажыларға халықаралық "FlyNas" әуе компаниясы қызмет көрсететін болды. Бұл әрине, қуантарлық жәйт. Өйткені біріншіден, ұшып бару уақыты қысқарады, екіншіден, қаржы үнемдеуге мүмкіндік туып отыр. Мәселен, бұған дейін 15-16 сағатта, 2-3 шекараны өтіп, кейде жарты жолды автобусқа мініп жететінбіз. Биыл өте жақсы жаңалық болып жатыр".

Семинардан кейін қажылыққа баруды ниет еткен азаматтар Әл-Мәдина мешітінде орналасқан Қағбаның макетін айналып, өздерін қажы сезініп, іс жүзінде тәжірибеден өтті. Биыл да елімізден 4 мыңнан астам адам әртүрлі қажылық компаниялар арқылы қажылық парызын орындауға барады.

Сөз соңында ҚМДБ өкілдері Мекке мен Мәдинәда Қазақстаннан аттанған барлық адамға арнайы дайындалған мамандардан басқа, өздерінің де тәулігіне 24 сағат көмектесуге әзір екендерін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/874102-din-basylar-nesiesi-bar-adamdardy-qazh.html