RU

Сапарбаев ғарышкер Айымбетовке Қазақстанның туын тапсырды

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев 2 қыркүйек күні Халықаралық ғарыш стансасына аттанатын Айдын Айымбетовке Қазақстанның мемлекеттік туын табыстады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев ғарышкерге Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «ЭКСПО-2017» көрмесінің жалауын тапсырып, ғарыш кемесі экипажының өзге де мүшелері: Сергей Волков пен Андреас Могенсенге сәттілік тіледі.

«Құрметті ғарышкерлер, сіздерді Қазақстан халқы мен еліміздің Президенті атынан құттықтаймын. Сергей үшінші рет ұшқалы отыр, ол Волковтар династиясын жалғастырушы. Біз сіздің әкеңізді білеміз. Егер Тоқтар Әубәкіров ғарышқа әкеңізбен ұшса, енді біздің Айдын ғарыш кеңістігін сізбен бірге бағындырмақ. Барлығыңызға сәттілік тілейміз», - деді премьер-министрдің орынбасары.

Ал Айдын Айымбетов ғарыш саласындағы ғылыми бағдарламаны сапалы орындауға уәде берді.

«Қазақстанның ғарыш қызметі қарқынды даму үстінде. Астанада Ұлттық ғарыш орталығы салынып жатыр, басқарылатын космонавтика дамып келеді, Қазақстан әлемнің ғарыш державаларының қатарында. Еліміздің осындай жетістіктеріне өте қуаныштымын», - деп толықтырды А.Айымбетов.

Айта кетейік, «Қазғарыштың» басшысы Талғат Мұсабаев пен қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров те сөз сөйлеп, жылы лебіздерін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/874305-saparbaev-gharyshker-ayymbetovke-qaza.html