RU

Айымбетов ғарышқа не үшін құрт, ірімшік алып кететінін айтты

Ертең Халықаралық ғарыш стансасына аттанатын ғарыш кемесі негізгі экипажының мүшесі, қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов «Дастарқан-6» эксперименті туралы толығырақ айтып берді.

Бұл туралы отандасымыз Байқоңырда ұшу алдындағы баспасөз мәслихаты барысында айтты, деп хабарлайды BNews.kz.

«Дастарқан-6» экспериментіне қазақтың ұлттық тағамдарының элементтері енген. Бұлар Қазақ тағамтану академиясы дайындаған, сублимацияланған тағамдар. Оның құрамына еңбекке қабілеттілікті, иммунитетті арттыратын және шаршағанды басатын дәрумен қоспалары кіріп отыр: олар тік бұрышты пішіндегі брикеттерге салынған», - деді ол.

Оның айтуынша, ғарыш ас мәзіріне харчо сорпасы, биенің құрғақ сүті, құрт, ірімшік пен печенье енген.

«Олар тек ғарышкерлер үшін ғана емес, түрлі экстремалды дайындықтарда, мысалы экспедициялар мен саяхат жасағанда пайдалану үшін де дайындалды», - деп толықтырды ғарышкер.

Естеріңізге салып өтсек, бұған дейін экипаж құрамын бекіту жөніндегі мемлекеттік комиссия 2 қыркүйек күні Халықаралық ғарыш стансасына ұшатын «Союз ТМК-18М» басқарылатын ғарыш кемесінің командирі мен бортинженерлерін бекітті.

Негізгі экипаж құрамы: ғарыш кемесінің командирі, ХҒС-45/46 бортинженері ресейлік Сергей Волков, қазақстандық ғарышкер, ЭП-18 бағдарламасы бойынша бортинженер-2 Айдын Айымбетов, Еуропалық ғарыш агенттігінің астронавты, ЭП-18 ХҒС бортинженері даниялық Андреас Могенсен.

Кеме командирі Сергей Волков орбитада 188 тәулігін өткізсе, отандасымыз бен даниялық ғарышкер ғарышта 10 күн болады.

«Союз ТМА-18М» кемесі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан 2 қыркүйек күні Астана уақытымен сағат 10:34-те ұшырылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/874319-ayymbetov-gharyshqa-ne-ushin-qurt-irimshi.html