RU

ОҚО-да 25 жыл бұрын апатты деп танылған ескі мектептің дауы әлі шешілмей отыр

Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының Жаңаталап ауылындағы 25 жыл бұрын апатты деп танылған ескі мектептің дауы әлі шешілмей отыр. Билік уәде еткен жаңа мектеп салынбағандықтан, балаларымыз биыл да 3-4 шақырым қашықтықтағы көрші ауылға қатынап оқитын болды дейді жаңаталаптық ата-аналар.

Ал, жалғыз автобус барлық оқушыны тасымалдауға қауқарсыз көрінеді.

Балалары білім алатын көрші ауылда орналасқан оқу ордасы ғимаратының қабырғасындағы қырық жамауды көргенде ата-аналардың көңілі құлазып, үрейден жағаларын ұстаған. Бірқатары мүмкіндігіне қарай, баласын басқа білім ошақтарына ауыстырған. Қазір осы Жаңаталап ауылындағы 100-ге жуық оқушы білім алу үшін амалдың жоқтығынан көрші ауылдарға қатынап оқуға мәжбүр.

Жаңаталап ауылындағы мектеп 25 жыл бұрын апатты деп танылған соң, оқушылар басқа жердегі ескі мекен-жайға көшірілген. Талапқа сай келмейтін ғимараттың іргетасы сөгіліп, едендері де тозған. Ал электр желілері үзілгелі тұр. Осындай бір бөлмеде қыс мезгілінде денешынықтыру сабағы өтеді. Ішіне жөндеу жұмыстары да жылдап жүргізілмеді дейді тұрғындар.

Мектепке бала таситын автобустың өзі үш рет қана қатынайды. Амалын тауып сыйғандарынан басқасы, сабаққа кешігеді. Мәселені көтеріп, жаңаталаптықтардың бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Әзірге оң нәтиже жоқ. Ал, жергілікті билік болса, шәкірттердің жағдайы уақытша нәрсе деп отыр. Алдағы уақытта барлық мәселе шешіледі дейді.

Ауыл азаматтары көрші ауылға қатынап жүрген оқушының бірі абайсызда көлік астына түсіп, қайтыс болғанын айтады. Бұдан әлі тиісті қорытынды жоқ дейді ашынған тұрғындар. Балалар мінетін көлікке бір ұстаз бекітілсе, ал ең дұрысы, елдімекенде жаңа мектеп салынса мұндай әурешілік болмас та еді дейді шағымданушылар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/874739-oqo-da-25-zhyl-buryn-apatty-dep-tanylghan-e.html