RU

Қазақстанда барлық ауылдар жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады

Шағын ауылдар жоғары жылдамдықты Интернетпен қамтылады. Бұл туралы бүгiн өтiп жатқан әлеуметтiк қамсыздандыру саласындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар туралы халықаралық конференция барысында Инвестициялар және даму вице-министрі Сәкен Сәрсенов мәлiм еттi.

Министрдің орынбасары бүгінде Қазақстанда халықтың 70 пайыздан астамы Интернетке қол жеткізіп отырғанына тоқтала келе: «Алайда елеміздің аумағы үлкен болғанымен, халықтың тығыздығы өте төмен. Әсіресе, ауыл тұрғындарында Интернет жылдамдығы бойынша проблема бар. Бұл мәселені біз шешіп жатырмыз. Қазіргі кезде 250-ден астам адамы бар ауылдарды бес-алты жылдың барысында талшықты оптикалық байланыспен қамтуға негізделген бағдарламаны Үкімет қабылдады. Яғни, шағын ауылдарға дейін жақсы жылдамдықты интернетті ұсынуды жоспарлап отырмыз», - деді Сәрсенов.

2004 жылдан бастап елімізде «электронды үкімет» жүзеге асырыла бастады. Бүгінде Қазақстан 193 елдің арасында «электронды үкімет» бойынша рейтингте 28 орынды иеленді.

«Сонымен қатар Дүниежүзілік экономикалық форумның индексі аясында еліміз қазіргі кезде 143 мемлекеттің арасында 38-орында тұрақтады. Қазақстанда телекоммуникациялық инфрақұрылымдар өте жақсы дамыған, яғни соңғы буынды барлық технологиялар енгізілді», - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/875090-qazaqstanda-barlyq-auyldar-zhoghary-zhy.html