RU

Әли Оқапов бетін қайтарған қыздар туралы айтып берді

Белгілі әнші Әли Оқапов «Ақ желкен» журналына берген сұхбатында болашақ жары қандай болуы керек екендігін және қыздармен танысуға келгенде қобалжитыны туралы айтып берді.

Әли бетін қайтарған қыздар туралы сауалға: "Ең бірінші мені қайтарған қыз – менің алғашқы махаббатым. Бірінші сыныпта сыныптасыма ғашық болдым. Есімі – Еңлік. Ол скрипкашы еді, біз музыка мектебінде оқыдық қой. Сол қыз жетінші сыныпқа дейін бірге оқығанда, бірде-бір рет маған көз қиығын салған да жоқ. Соған қарап, «е-е, мен оған ұнамайды екенмін» деп түйдім де қойдым", - деп жауап берді.

Әншінің бетін қайтарғандар бертінде де болыпты.

"Болды. Осыдан үш төрт жыл бұрын… Меніңше, ол әр жігіттің басында кездеседі. Сен қаншалықты танымал, ақылды болсаң да, ұнатпайтын адам ұнатпайды", - деп ағынан жарылды әнші.

Жас өнерпаз басылымға болашақ жарына деген қойылатын талаптары туралы да жасырмады.

"Ең бірінші қазақы тәрбие дедім бе, сосын ақыл. Әртіспен тұру тіпті оңай емес! Әнші ғана емес, мен сазгермін де. Сондықтан маған жиі оңаша қалу қажет болады. Жаңа ән тууы үшін. Ондай жағдайда жарым мені түсініп, қолдамаса, жағдай қиын. Ал ақылсыз қыз менің мұныма көнбек түгілі, түсінбейді де. Отбасында кикілжің содан туады", - деп қайырды әнші.

Әли бойжеткендерге келгенде танысуға қорқақтап қалатынын, қобалжып кететінін де жасырмады. Сондықтан, әншінің айтуынша, өқыздар алғашқы танысу қадамын өздері жасаса, қарсы болмайтын көрінеді.

Ал атақты анасы, Қазақстан Халық әртісі Роза Рымбаеваның болашақ келінге қоятын талаптары бар ма деген сауалға әнші:

"Жоқ, ешқашан айтқан емес. Жалпы, бала күнімнен бастап үлкен жауапкершілікті қажет ететін таңдау жасарда анам маған еркіндік беріп келді. Музыканы өзім таңдадым. Әншілікті де. Мектеп бітірген соң АҚШ-қа оқуға да түстім. Елімді қатты сағынып, шетелде жырақта жүру маған ұнамай, қайта оралдым. Онда да маған ештеңе деген жоқ. Сондықтан да бір күні үйге қалыңдығымды жетектеп барып, «осы қызға үйленемін» деп жария етсем, қарсы болмайды деп ойлаймын", - деп жауап берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/875103-ali-oqapov-betin-qaytarghan-qyzdar-tur.html