RU

Қызылорда облысында балабақшадан оралған бүлдіршін аяқ астынан көз жұмды

Қызылорда облысында балабақшадан оралған бүлдіршін аяқ астынан ауырып, қайтыс болған.

Уәлихановтар әулетінде тамыз айының он тоғызыншы жұлдызында қайғылы оқиға орын алды. Жүздері жайнап, еркелеп ойнап жүрген Жанель мен Адель атты апалы-сіңлілі екі қызды таңертең  балабақшаға  апарған  ата-ана мұндай қайғыға тап боламыз деп ойламаған.

Кешке балабақшадан үйлеріне оралған екі қыз кенеттен қызулары көтеріліп, бірінен соң бірі  ауыра бастады дейді жақындары. Үлкен немересінің қатты қиналып жатқанын көрген әжесі шақыртқан жедел жәрдем 15 минутта келген.

Алайда тез жеткен ақ халаттылар Жанельді ажалдан арашалап алып қала алмапты. Ал  сіңлісі Адельді жұқпалы аурулар ауруханасына алып кеткен. Тиісті ем-домы жасалғаннан кейін Адель ауруынан айыққан.

Ал немерісінен айырылып,  қапыда қайғы жұтып отырған Раушан Пірмағанбетова бұл жағдайға балабақша ұжымын кінәлаймын дейді. «Жанельдің өлімі балабақшада берген нашар тамақтан болды» дейді ол.

"Тәрбиешілер ауырып жатыр деп айтқан жоқ, иа болмаса жедел жәрдем шақырмаған. Іштегі дәрігерлер де ешқандай көмек көрсетпеген. Менің тәрбиешілерге артар кінәм сол. Баланың не үшін қайтыс болғанын біле алмай отырмыз", - дейді қыздардың әжесі Раушан Пірмағамбетова.

Ал балабақша ұжымы мұнымен келіспейді. Олар Жанель балабақшадан қайтар уақытында да денсаулығында еш ауытқу байқамадық деп отыр.

"Бұл балабақшадан мұндай жағдай болды деп мен ойламаймын. Өйткені бізде барлық санитарлық-гигиеналық талаптар сақталған. Астарымыз кәдімгі ас мәзіріне сәйкес жасалынады. Балабақшадағы астан бала ұшынып ауырып, отравление болады деп мен өзім ойламаймын", - дейді  балабақша меңгерушісі Ақмоншақ Баймаханова.

Алайда тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасындағылар тексеру барысында  балабақшадан кемшіліктер байқадық дейді. Олар бұл мекеменің кейбір  медициналық құжаттары санитарлық  талаптарға сай емес екенін де айтып отыр. Қазіргі кезде мамандар мұнда арнайы зерттеу жұмыстарын бастаған.

"Тексеру барысында ыдыс-аяқтардан 60 жұғынды зертханалық тексеруге алынды. 17 дайын тағам өнімдері алынды, 15 тағам санитарлық-химиялық зерттеуге тексерілді және балабақшаның жұмысшылары қызметкерлері барлығы 44 адамнан ректальды жолмен бактериологиялық тексеруге сынамалар алынды", - дейді Қызылорда қалалық тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасының бас маманы Зәуреш Ермекова.

Зерттеу жұмыстарының нәтижесі алдағы аптада дайын болады. Бұл жағдайға байланысты құзырлы органдар қылмыстық іс қозғаған. Ал бүлдіршінінен айырылған отбасы болса кінәлі анықталып, тиісті жазасын алса екен деп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/876148-qyzylorda-oblysynda-balabaqshadan.html