RU

Назарбаев Бейжіңдегі әскери парадқа қатысуда (тікелей трансляция)

Қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғысындағы Жеңіске және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 70 жыл толуына арналған салтанатты парадқа Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысуда.

Мемлекет басшысының қызыл кілемдегі амандасу және суретке түсу сәті Тяньаньмэнь алаңының барлық экрандарынан көрсетілді.

Парадқа 23-тен астам елдің басшылары мен халықаралық ұйымдардың басшылары қатысуда.

Парад Астана уақытымен сағат 8:00-де басталды. Ол ҚХР-дың тарихында ең үлкен парад болмақ. Тяньаньмэнь алаңында парадтық саппен Қытай қарулы күштерінің 50-ге жуық эшелоны өтеді: 12 мың әскери қызметкер, 40 түрлі 500 техника бірлігі, әуеге 20 түрлі 200-дей ұшақ көтеріледі.

Парадқа жұмылдырылған техниканың 84 пайызы алғаш рет көрсетіледі. Шараға 15 қытайлық және Қазақстан, Ресей, Беларусь, Куба, Мысыр, Қырғызстан, Мексика, Моңғолия, Пәкістан, Сербия, Тәжікстан, Ауғанстан, Камбоджа, Фиджи, Лаос, Вануата, Венесуэланың атынан 17 шетелдік жаяу әскери есеп қатысады.

«Олардың қатысуы - фашизмге қарсы дүниежүзілік соғыстағы жеңіске қатынастың нақты айғағы», - деді бұған дейін парадқа дайындық бойынша басқару тобы бастығының орынбасары Цюй Жуй.

Салтанатты парадқа ҚХР басшылығының шақыруымен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей, Моңғолия, Мысыр, Чехия, Оңтүстік Корея, Пәкістан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және өзге де мемлекет басшылары қатысады.

Бейжіңдегі қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы күрестегі жеңісі мен Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 70 жыл толуына арналған әскери парадта Қазақстанның жауынгерлері сап түзеп өтті.

Осы сәтте бүкіл әлем назары қазақстандық армия өкілдеріне ауды. Шеруді мінбеден Жоғары бас қолбасшы, президенті Нұрсұлтан Назарбаев бақылады.

Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің Құрметті қарауыл ротасының 76 әскери қызметшісі әлемдегі ең ірі Тяньанмэнь алаңында 10 қатарда сап түзеді, олардың арасында ту ұстаушылар тобы, үш әскер түрі бар.

Әскери шеруді Қазақстан Қорғаныс министрлігінің Құрметті қарауылы ротасының командирі, капитан Мақсат Байжігітов өткізді. Бұдан бұрын осы шараға әзірлік барысында ол Қытайдағы парадта Қазақстан атынан шығу құрметін зор мақтаныш сезімімен атап өткен болатын.

«Біз осы шарада елімізді лайықты көрсете алатынымызға сенімдіміз. Біздің әзірлік барысымызды көрген басқа елдердің өкілдері де осындай пікірде», - деп атап көрсетті ол.

Парад қарсаңында ҚазАқпарат тілшісімен сұхбаттасқан Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабының жауынгерлік даярлық департаменті бастығының орынбасары, полковник Нұрлан Алдияровтың айтуынша, осы парадтың ерекшелігі мінбелер өте биік, одан барлық парадқа қатысшылар алыстан да анық көрінеді, сондықтан да үлкен қашықтықтықта сап түзеп өту үлкен жауапкершілік.

«Бұл үшін әскерилердің ширақтығы мен төзімділігі керек», - деді ол.

Бейжіңдегі біздің әскери қызметшілердің жасы 22-28-де. Олар жақсы әзірленген, моральдық рухы күшті,  сапта жүру дағдысын жақсы меңгерген. Біздің парадқа қатысушылар арасында Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушылары мен батырларының немерелері бар», - деді Алдияров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/876208-nazarbaev-zhenhistinh-70-zhyldyghyna-arnalgh.html