RU

Отандық БАҚ қазақ тойын түнгі клубтағы жын-ойнаққа теңеді

Қазақ тойын түнгі клубтағы жын-ойнаққа теңеген jaisan.kz блогтұғырының авторы тойға барғандағы әсерлерімен бөлісті деп жазады Намыс порталы.

Жақында Астанада өткен қазақ тойына барып, жағасын ұстаған автор бұл жайтты көпшілік назарына салуды жөн көрген.

"Бір – екі тілектен соң ортаға үш жігіт шығып би биледі. Әрине, шетел музыкасына. Аспанға секіріп, айналып, әйтеуір әлек болып жатыр.  Сол сәтте олардың сахнадағы сыңарлары ретінде үш қыз қосылды. Өкінішке орай, шыр айналған бойжеткендердің биінен кейін «бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жанның» жағдайына түстім. Замандастарымның биінен адам шошиды", - деп назын білдіреді автор.

Жазба авторы ашық билеген жастардың іш-киімі  көрініп қалғанын да байқаған.

"Әдетте мұндай би түрлері тек түнгі клубтарда немесе тек жастар жиналатын шағын орталарда ғана орындалатын. Қыздар аяқтарын аспанға көтерген сайын қара сандары жалтырап жатыр. Бастапқыда іш киімдері жоқ шығар деп қорықтым. Абырой болғанда киген екен", - дейді ол.

Әдепсіз биден үркіген ол ұялғаннан телефонын шұқылауға кіріскен.  Ал сол арада ел ағалары мен ұстаз апайлар қымсынбастан сол биді тамашалағанына автор қынжылысын білдіреді.

"О, сұмдық-ай! Теледидар, баспасөз беттерінде халыққа ақыл айтып жүрген ағаларымыз қыздарындай бишілердің қимылынан көз алмай отыр екен. Өзімнің күдігімді сейліту үшін қайта-қайта қараймын. Жоқ, міз бақпай тамашалап отыр. Әрине, қай жерде, кімге қараса да әркімнің өз еркі. Бірақ ақыл айтып, жөн сілтер ағаларымыздан мұндайды күтпеген едім", - дейді автор.

Ол тойдағы мұндай "ұятсыздық" басқа каналға ауыстыра салатын телевизор еместігін ескертеді.

"Біз неге той сценарийін жасағанда төрге шығатын ата-әжелеріміз бен қуанышымызға келетін жасөспірімдердің барын  ескермейміз? Әке мен бала бір дастарханда отырып мынадай сорақылыққа қалай қарайды? Үйдегі телевизор емес басқа каналға ауыстыра салатын. Одан қалса басқа бөлмеге кете салатын…", - дейді автор.

Автор ақсақалдар мен кейуаналарды секеңдетіп билетіп қою көзге ерсі көрінетінін алға тартты.

"Бір әулеттің ардақтап отырған ақсақалын мазаққа айналдыруды қашан қояды екенбіз. Туысымның қуанышынан қалмайын деп тойға сүйретіліп әрең келіп отырған ата-әжелерімізді тілек айтуға шақырғанда «билеп кел!» деп қинайтындарын қайтесің?!", - деп жазады автор.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/876444-baq-qazaq-toyyn-tungi-klubtaghy-zhyn-oyn.html